Ү.Түктібаев ауылында «Жастар дінді жырлайды» атты жас ақындар айтысы болып өтті. Дүлдүлдердің сөз сайысына Жастар жылы басты арқау болды.
Жас ақындар сынға түскен бәйге аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Қазалы аудандық Жанқожа батыр мешітіне қарасты Қожа Орынбет Ишан мешітінің ұйымдастыруымен қолға алынды. Аламан айтысқа облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов, облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек қажы Абуов қатысты.
Айтысқа Қазалы ауданынан бөлек, Сырдария ауданынан Айтбаев Бақтөре есімді жас ақын да бақ сынасты. Айтысқа 12 ақын, 6 жұп қатысты.
Бас жүлде Қожабақы ауылының жас өнерпазы, 11-сынып оқушысы Амангелді Тоқтарбекке бұйырды. Жасынан өнерге жақын Тоқтарбек бірнеше мәрте республикалық сайыстардың жеңімпазы.
1-орынға Майдакөл ауылының қатысушысы 11-сынып оқушысы Әбдіхан Бекзат лайық деп танылса, 2-орын Майдакөл ауылының жас ақыны 10-сынып оқушысы Серіков Бекзат иемденді. Ал 3-орынға тағы бір майдакөлдік ақын 7-сынып оқушысы Есебай Өміртай ие болды. Сондай-ақ айтыстың ең жас ақыны ретінде «Көрермен көзайымы» атанған 5-сынып оқушысы Серіков Жанұзаққа қаржылай сый-сыяпат табыс етілді.
Сонымен қатар, айтысқа қатысушылардың барлығына ынталандыру сыйлығы табысталды. Осындай игі шараның ұйымдастырушысы болған Ж.Ыдырысұлына Алға ауылдық округінің әкімі А.Төлемісов ауыл тұрғындары атынан Алғыс хат табыс етіп, елдің ризашылығын жеткізді.