Мемлекет басшысы аз қамтылған және көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында елеулі мемлекеттік бастамалар ұсынды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.
2019 жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі ең төменгі күн көріс деңгейінің 50 пайызынан 70 пайызға 14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін көтеріледі.
«Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға және «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төс белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балаларға арналған мүгедектігі бойынша жәрдемақылар, стипендия алып тасталады.
Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардың балаларына 18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленетін болады», — деді Т.Дүйсебаев.
Сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетілетін болады.
Осылайша, ақпараттық жүйелерде мәліметтер тууы туралы куәлік, жеке куәлігі, т.б болмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округтердің және кенттердің әкімдері тиісті мемлекеттік органдардан қажетті құжаттарды сұратып алдыратын болады.