Бүгін Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің студенттер сарайында «Н.Назарбаев: Болашақ бүгіннен басталады» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы басталды. Шара Елбасы кітапханасы көшпелі көрмесі аясында ұйымдастырылды. Конференцияға Түркия, Германия, Канада, Оңтүстік африка, Кения, Уганда, Филиппин және Қазақстанның барлық өңірлерінен өкілдер қатысуда. Сонымен қатар, «Әлем таныған Елбасы» атты кітап көрмесі де жұмыс істеді. Онда Елбасының әр жылдары шыққан кітаптары, ол туралы жазылған әдебиеттер, материалдар қойылды.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ашылуына облыс әкімі Қ.Көшербаев , Елбасы кітапханасының директоры Ә.Рахымжанов, отандық және шет елдік ЖОО-ның студенттері, магистранттары, докторанттары мен ғалымдары қатысты.
«Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген сөзі киелі Сырдың келбетін айқындап тұр.Бүгінде аймағымыз көптеген салалар бойынша республикада көшбасшылар қатарында келеді. Әсіресе, инвестиция тартуда, өңдеу өнеркәсібін дамытуда, құрылыс салуда, әлеуметтік дамуда біз көптеген жетістіктерге қол жеткіздік», — деді облыс әкімі Қ.Көшербаев. Сондай-ақ, өңірдің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктеріне де тоқталды.
Биыл Елбасы кітапханасының 2015 жылдан бергі оқыту семинар-тренингтер жобасы жастарға арналған «Болашаққа жол әрқайсымыздан басталады» тақырыбына арналған дәрістерден басталды.
«Бүгінгі халықаралық-практикалық конференциямыздың тақырыбының «Жастар саясаты: болашақ бүгіннен басталады» аталуы да Елбасымыз белгілеп берген жастарды қолдау бойынша басымдықтарды жүзеге асыру жолдарын талқылау мен ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын сабақтастықты қамтамасыз ету екендігін осында жиналған көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар, әсіресе жастарымыз жақсы түсінеді деп ойлаймын», — деді Ә.Рахымжанов.
Конференция пленарлық отырыспен басталып, секциялық отырыстарға жалғасады. Сонымен қатар, шара қарқынды дамыған мемлекетте жастарға инвестиция салу болашақта дамыған және тұрақты қоғам құруда шешуші рөл атқаратынын көрсетті.