Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуіне орай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтаулар келіп түсуде. Қызылордалықтар да өз жылы лебіздерін білдіріп, белсенділік танытуда.
Күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының Президенті, Қазақстанның Еңбек ері, Абзал Ералиев:
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізді сайлаудағы сенімді жеңісіңізбен құттықтаймыз!
Бірінші кезекте, еліміз, оның барлық тұрғындарының әл-ауқаты үшін - бұл үлкен жауапкершілік.
Біз, Қызылорда облысының дихандары, болашақтың стратегиялық көрінісін толықтай қолдай отырып, еліміздің гүлденуіне және үздіксіз өсуін қамтамасыз етудегі болашақ жоспарларды қолдаймыз.
Біздің елдің мақтанышы мен даңқын, сондай-ақ, азық-түлік және экономикалық қуатын қамтамасыз ететін қатардағы ауыл тұрғындарының өзекті мәселелері мен агроөнеркәсіптік саласын дамытуға басты назар аударатындығыңызға сенеміз.
Алдағы уақытта да барлық күш жігерімізді қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға және дамытуға лайықты үлесімізді қосуға дайынбыз және Сіздің біліміңіз, тәжірибеңіз, белсенді өмірлік ұстанымыңыз Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде гүлденуіне бағытталған бірлескен нәтижелі жұмысқа қоғамды біріктіруге мүмкіндік беретініне сенімдіміз.
Сізге Республика игілігі үшін ұзақ әрі белсенді жылдар бойы игілікті жасампаз жұмыс істеуге оптимизм, күш жігер және мықты денсаулық тілейміз».
Арал балықшыларының құттықтауы:
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз, ел Тәуелсіздігін алған алғашқы күндерден бастап Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жанында бірге қызмет жасап келесіз.
Тұңғыш Президентіміз сіздің еңбегіңіз жайлы өз сөзінде де атап өтті. Сондықтан еліміздің дамуы жолындағы Президенттік қызметіңізді одан әрі табысты жүргізетініңізге біздің сеніміміз мол. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілей отырып, Арал халқы өзіңізге тілеулес екенін жеткіземіз.
Бүгінде еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері әлемдік деңгейдегі алпауыт елдермен иық тірестіріп, тың бастамаларға ұйытқы бола алатындығын да дәлелдеп келеді.
Бір кездегі қасірет төрткүл дүниені елең еткізген Теңіздің тартылуы осында мекен еткен халықтың тірлігіне өз әсерін тигізбей қоймады. Сол уақыттарда заман ағымымен көптеген отбасы туған жерімізден қоныс аударған болатын.
Арада бірнеше жыл өткенде Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өңірімізде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының бірінші кезеңі қолға алынды.
Бар тірлігі теңізбен тығыз байланысты Арал өңірі халқының тынысын кеңейтуді ойлап, «нар тәуекел» деп маңызды қадамға барды. Осы жобаның нәтижесінде Теңіз табанына су толып, Кіші Арал теңізі сақталды. Атакәсібіміз қайта түлеп, туған жерінен жыраққа кеткен 100-ге жуық отбасы кіндік қаны тамған атақонысымызға оралып, балық шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік алды. Халықтың әл-ауқаты жақсарды. Бүгінде теңізден ауланған Арал балығы жергілікті балық зауыттарынан өңделіп, Еуропа елдеріне экспортталуда.
14 мамыр күні Қызылорда облысына жасаған сапарыңыз барысында «САРАТС» жобасының екінші кезеңінің жүзеге асырылатындығы жөнінде айтқаныңызда қуанышымызда шек болмады.
Теңіз төскейінен орын тепкен айдынды Арал өңірінде қайта жанданған балық шаруашылығының бұдан әрі де өркендейтініне сеніміміз мол. Мемлекетіміздің Арал тағдырына ерекше назар аударып, Кіші теңізді сақтап қалуға байланысты жүзеге асып жатқан көптеген игі істері үшін ризашылығымыз шексіз!
Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің мемлекет пен халыққа қызмет ету ісіндегі жоғары біліктілігіңіз, мол тәжірибеңіз, халықаралық аренадағы беделіңіз, халқыңыздың білдірген сенімі Сізге Қазақстанның экономикасы мен мемлекеттілігін одан әрі дамытып, нығайту міндетін жүзеге асыруға мүмкіндік берері сөзсіз.
Көлемі кең және көп қырлы Мемлекет басшысы ретіндегі қызметіңізге абырой, өз халқыңызға еңбек етуде табыс және игілікті мақсаттарыңыздың жүзеге асуын тілейміз!».
Қызылорда облысының кәсіпкерлері атынан:
«Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сыр өңірінің кәсіпкерлері атынан, Сізді Қазақстан Республикасы Президенті сайлауындағы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
Сайлаудағы жеңісіңіз Сіздің өз халқыңыздың шынайы жанашыры ретіндегі лайықты абыройыңызды тиянақтай түседі.
Еліміз бен халқымыз үшін экономикалық, саяси және өзге салалардағы маңызды қызметіңіздің жалғасын табуына барынша табыстар тілейміз.
Сонымен қатар, бұл жеңіс алдағы уақыттағы ел экономикасын қарқынды дамытудың, халықтың әл-ауқатының артуының және Сіздің басшылығыңызбен қоғамның бір мақсатқа бірігуінің кепілі екеніне де күмәніміз жоқ.
Өзіңізге жүктелген теңдессіз міндетті орындау үшін Сізге денсаулық пен игілік, елімізге бейбітшілік пен тыныштық тілейміз».