Теректідегі жастар жаңашыл әрі белсенді

Биыл «Жас проджект» жобасы іске қосылғаны белгілі. Осы жоба аясында бүгінгі таңда 221 батысқазақстандық жас грант иеленсе, соның соның он пайызға жуығы теректілік өрендер.

«Жастар жылына» орай ұйымдастырылған бұл жоба бойынша өз ісін бастауды ұйғарған 170-тен астам ынталы жас 55 бизнес-жоспар жасақтап, өткізгенін айта кетейік. «Жас проджекттің» арқасында ауданда жас кәсіпкерлер қатары артпақшы. Айтпақшы былтыр Теректі республика көлемінде бизнес жүргізуге ең қолайды аудан деп танылған еді. Ауданның мұндай дәрежеге жетуіне теректілік жастардың да қосқан үлесі зор.

«Ауданы халқының төрттен бірін құрайтын жастарымыз жаңашыл әрі белсенді. Тұңғыш Президентіміз ағымдағы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағалы бері олардың белсенділіктері еселенді. «Жастар жылы ғой, маған не көмек бересіз?» деп орынсыз міндетсімей, «Жастар жылында жарқыраған істер көрсетейік!» деп білек сыбанып кірісті іске. Қыстай қариялардың үй-жайының ауласындағы қарды тазалап, отын-суын жеткізіп берді. Мұз ойып, балыққа ауа жіберу барысында да жастарымыз осындай сауабы тиер істің бел ортасында жүрді. Аудандағы бір де бір игілікті шара жастарсыз өтпейді. Аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастыруымен өтетін мәдени-танымдық, спорттық-көпшілік шара өте көп. Спорттық сайыстарға, білім мен өнер додаларына қатысып, жеңімпаз немесе жүлдегер атанып, ауданның абыройын асқақтатқан қыз-жігіттеріміз де аз емес. Біз өз тарапымыздан жастарға қолдан келгенше жағдай жасап бағудамыз. Мәселен, Подстепный ауылында «Жігер» коворкинг орталығының ашылуына қолұшын бердік. Биыл орталықтандырылған кітапханада тап сондай орын ашамыз деп отырмыз. Осы маусым айында аудандық бюджеттен 4 млн. теңгеден астам қаржы бөліп, сол ауылда көше спорты – уоркоут стритпен айналысуға алаң салып бердік. Сәуірдің соңында жартылай марафон өткіздік. Жастар жаппай қатысты. Енді қыркүйек айында толық марафон өткіземіз деген ой бар.  Теректіде спортқа қызығушылық керемет. «Лига Жастар» волейбол лигасы басталып кетті. Шілдеде  футболдан әлгіндей жарыс басталады. Қыстай спорт залдарында, жазда таза ауада жаттығады жастар. Сондықтан спорт алаңдарын әр ауылда салып, жабдықтаймыз деген ойымыз бар. Биыл спорт алаңдары, спорт қалашықтары Жаңа өмір, Аңқаты, Покатилов ауылдарында салынады», — дейді аудан әкімі Әділ Жоламанов.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы