5 маусым Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында Батыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауыменен Батыс Қазақстан облысы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХV еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті.
Шара барысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының таңбасы жас сарбаздарға табысталды. Сонымен қатар, жастардың командалық рухын көтеру мақсатында концерттік шара ұйымдастырылды.
Биылғы еңбек маусымында мыңнан аса жас жұмыспен қамтылмақ. Олар жаз бойы қаланы көркейту-көгалдандыру жұмыстарына ат салысады.
«Жасыл ел» - жастарды жарқын істерге жұмылдыру мектебіне айналды. Бағдарламаның басты мақсаты- қоршаған ортаның тазалығын сақтап, жасыл-желекке айналдыру. Сол арқылы отанды сүюге, табиғатты аялауға үйрету.
Оралдық жасыл елдіктер республика бойынша алдыңғы орында келеді. Мәселен «Жайық» тобының құрамында 40 студент бар. Бүгінде олар «Жеңіс» алаңындағы көпжылдық гүлдерді күту шараларына жұмылдырылды.
Айта кеткен жөн, жас жұмысшыларға еңбек шарты мен жұмыс тәртібі түсіндіріліп, еңбек формасы тапсырылды. Енді олар бекітілген бағыт бойынша бөлініп, өз жұмыстарына кірісті. Күні бүгін 338 жас жұмысқа араласуда. Әрқайсысы 60 мың теңге көлемінде жалақы алды. Жұмыс күні дүйсенбі мен жұма аралығында болады. «Жастар жылы» аясында қосымша жұмыс берушілер есебінен қаражат қарастырылған.
Соңғы үш жылда облыс аумағы бойынша 38 000 түп ағаш отырғызылып, 130 000-га астам жер көгалдандырылған болатын.
Өңірімізде 2019 жылы «Жасыл Ел» бағдарламасы бойынша 1175 сарбазды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Олардың 780 сарбазы облыс аудандарында жұмыс жасайтын болады.