Күні кеше ауылдан түлеп ұшқан қазақтың қара балалары бүгінде елге танымал тұлғаларға айналып жатқаны қуантады. Солардың бірі - жиырма үш жасар батысқазақстандық Мейірім Мағрашев.
Нұр – Сұлтан қаласындағы төрт бірдей мейрамханаға жетекішілік етіп отырған ол елорда тек білім алатын емес, іс жасайтын, сөйтіп қазақстандықтардың әл-ауқатының артуны үлес қосуға мүмкіндік беретін қала екенін ерте ұғынды.
Мейірім Мағрашев - Сырым ауданының түлегі. Өлеңті ауылында дүниеге келгенімен, Жымпитыдағы Қ. Мырзалиев атындағы орта мектепті «Алтын белгімен» аяқтады. Елордадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттың университетіне оқуға түсті. Бала кезден математикаға жетік болған ол «Өскесін банкир боламын» деп армандайтын. Сөйтіп экономфактің студенті атанды.
Есеп-қисапқа жақын бозбала студент болып жүріп, ақша табуға ден қоя бастады. Осылайша әлемдегі жылдам тамақтану мейрамханалар желісінің үздігі саналатын америкалық «McDonalds» корпорациясының Астана қаласындағы филиалдарының біріне қызметке тұрды. Артына сонда кассир болды. Алғыр жігіт көп кешікпей мейрамхана менеджері атанды. Бір жылдан соң «McDonalds» мейрамханасы директорының екінші орынбасары, келер жылы бірінші орынбасары лауазымы бұйырып, оған «Mega Silk Way» кешеніндегі жаңа мейрамхананың жұмысын жолға қою міндеті жүктелді. Дәл сол кезде «ЕХРО - 2017» көрмесі басталған еді. Астанаға келген шетелдіктерге Мейірімнің мейрамханасы халықаралық талапқа сай қызмет көрсете білді. Шетелдіктердің бағалау нәтижесі бойынша батысқазақстандық жігіттің мейрамханасы өте жақсы баға алды. Сөйтіп сол жылдың соңында елордадағы төрт бірдей «McDonalds» мейрамханасының директоры болып тағайындалды. Күніне орта есеппен 1000–ға дейін адам қызмет көрсететін, 60 жан тұрақты еңбек ететін мейрамхананың директоры осы кезде 21 жаста еді.
Қайда жүрсе де ауылын, Сырым елін, Ақ Жайық өңірінен есінен бір сәтке де шығармайтын кейіпкеріміз осындай жетістікке жетуін туған жердің топырағымен берілген жауапкершілікпен, тәуекелшілікпен байланыстырады. Және атаның қанымен, ананың сүтімен тараған еңбекқорлық, адалдық деп біледі. Сол себепті қолынан келгенше ауылына, елдегі ағайынға көмектесіп тұруды өзінің бір міндеті санайды.
«Ел астанасына нақты мақсатпен келетін адам сол мақсатына жетеді. Бұл жерде ешкім бос жүрмейді. Әркімнің өзінің жолы бар. Тек жолыңды адаспай таба білуің керек. Сонда ғана сенің ел мен халқыңа тигізер пайдаң көп болмақ»,—дейді Мейірім Мағрашев.
Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы