Бақытжан Сағынтаев сенбі сайын тұрғындармен кездесуді үрдіске айналдырмақ

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бұдан былай сенбі сайын қаланың әр ауданының тұрғындарымен кездеспек. Ондағы мақсат – мегаполистің шет аймақтарын орталықпен теңестіру. Шаһар басшысы алғашқы кездесуді Түрксіб ауданы тұрғындарынан  бастады, деп хабарлайды «NewTimes.kz» агенттігі.

Фото взято с сайта zakon.kz

Бейресми басқосуда жұртшылық өздерін талай жылдан бері мазалап келе жатқан жарық, жол, медициналық көмек секілді бірқатар мәселелерді  ортаға салды. Атап айтқанда, көшелерде шамдардың жоқтығы, сол себепті кеш түссе балалар үшін қорқатынын айтты. Бұған қала әкімі:

«Биыл  Алматының 208 көшесі жарықтандырылады, ал 2020 жылы барлық көшелерге толықтай жарық жүргізіледі», — деп жауап берді.

Аудан жұртшылығын мазалаған келесі мәселе – денсаулық саласы болды. Дәрігер мамандардың, заманауи құрылғылардың жетіспеушілігін ортаға салған тұрғындар шағымын мұқият тыңдаған  Бақытжан Сағынтаев кейбір емханалардың 20% -ға ғана жабдықталғандығын, соның салдарынан адамдардың үйден алыс емханаларды іздеуге мәжбүр екенін атап өтті.

«Медқұрылғылардың санын ең кемі 50%-ға жеткізу керек. Медицина халыққа жақын әрі қолжетімді болуы шарт», — деді әкім.

Кезек қаланың шет аудандарына қатынайтын қоғамдық көліктер мәселесіне де келіп жетті. Тұрғындар тарапынан аймақтағы автобустардың көбі ескіріп, тіпті экологиялық стандарттарға сәйкес келмейтіні айтылды. Осы тұста Сағынтаев Алматыдағы қоғамдық көліктерді субсидиялауға 25 миллиард теңге жұмсалатынын айтып, аталған мәселені шешу үшін орталықтандырылған бағытты іске қосу керектігін айтты. Сондай-ақ қала әкімі Алматыдағы қоғамдық көлік жүргізушілері қайта даярлаудан өтетінін айтты.

«Барлық жүргізушілер рөлге отырмай тұрып, дайындықтан өтуі керек. Себебі олардың көлік жүргізу жағынан тәжірибесі болса да,  олар бұрын басқа аудандарда, басқа жерде жұмыс істеп келді. Сондықтан біз оларға жолаушылармен сөйлесу мәдениетін  үйретеміз», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Осы шарада жаңа жұмыс орындарын құру мәселесіне де тоқталды.

«Шағын және орта бизнес халықты жұмыспен қамтамасыз етті. Бюджетке салықтың 60%-ы шағын және орта бизнестен түседі. Сондықтан біз кәсіпкерлерге қолғабыс жасауымыз керек», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Кездесуде сондай-ақ, Алматының экологиялық мәселесі, қозғалды. Осы тұста бір қуанарлығы, қалада жаппай көгалдандыру жұмыстары басталатындығы айтылды.

«Біз қаладағы ықшамаудандарда гүлзарларды көп орнатамыз деп шештік. Соған бос жер мен тоған іздеп жатырмыз. Шағын жер телімдерін алсақ та болады. Біз қаланы жаппай көгалдандыруды бастаймыз. Тәлімбақтарда ағаштардың қандай түрлері барын қарауымыз керек», — деді қала әкімі.

Бұл, әрине жақсы жаңалық. Себебі таза ауа — денсаулықтың кепілі. Ал ауаны тазартатын ол — жасыл желек.  Алматы бұрыннан-ақ жұртшылыққа өзінің ерекше табиғаты мен қолайлы ауа-райымен таныс. Сондықтан осы жағын қолға алу — ақылға қонымды іс. 

Жалпы, бейресми кездесу соңында Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарының мәселелерін жедел шешу үшін, аудан әкімдерінің күн сайын халықпен кездесуі керек екенін ескертті. Және бұдан былай сенбі сайын Алматының әр ауданы тұрғындарымен кездесіп отыратынын да атап өтті.

Мәриям ӘБСАТТАР

В статье: