Ақ Жайық өңірінің аудандарында арнаулы орта және жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтуде. «Түлектерді тарату» деп аталатын бұл шара таяуда Қазталов және Бәйтерек аудандарында ұйымдастырылды.
Қазталовтағы бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қырықтан астам жас маман қатысты. Жәрмеңке нәтижесінде сұраныс берілген мамандықтар бойынша қатысушылардың жартысынан астамы жұмысқа қабылданатын болды. Төртеуі «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша қамтылмақшы.
Жәрмеңкеге орай аудандағы мектептер мен балабақшалар керекті мамандықтарға өз сұраныстарын жасаған еді. Яғни оларға орыс тілі және ағылшын тілдері пәндерінің мұғалімдері керек. Сол себепті осы бағыттағы дипломы барларға жәрменкеде жұмыс табу қиынға түскен жоқ. Ал қазақ тілі және әдебиеті, дене шынықтыру пәндерінің, мектепке дейінгі тәрбие, бастауыш сынып педагогтары толық.
Шара барысында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы жас мамандарға кеңес беруді ұйымдастырса, аудан әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметі жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік қызметке тұрудың жолдары туралы баяндайтын кітапшалар таратты.
Айта кетейік, жыл басынан бері аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 97 жас маман жұмысқа орналасқан екен.
Бәйтерек ауданында өткен дәл осындай жәрмеңкеге қазақ тілі мен әдебиеті, бастауыш сынып, математика, дене шынықтыру, педагог-психолог, тарих және т.б. мамандықтар бойынша 50-ге жуық жас маман мен жұмыс іздеп жүрген педагогтар қатысты.
«Жәрмеңке барысында мамандар пән бойынша ортаға шақырылып, өздерін таныстырғаннан кейін мектеп басшылары білім ордаларына қажетті мамандарды нақтылады. 30 шақты маманның сұранысы қанағаттандырылды», — дейді аудандық білім беру бөлімі аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлжиян Хамитқызы.
Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы