Шымкентте әкімнің қатысуымен қалалық партия активі өтті

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың қатысуымен қалалық партия активі өтіп, онда Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында қабылданған шешімдерден туындайтын міндеттер белгіленді.

Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, Республикалық саяси кеңес мүшесі Алия Юсупова,  қалалық және аудандық филиал жанындағы Саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясы мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері қатысты.

Қалалық мәслихаттағы партия фракциясының мүшелері өз сайлау округінің әлеуметтік картасын жасап, басымдық берілетін проблемаларды белгілеу бойынша келісімге келді. Ал бюджетті талқылау барысында сол мәселеге көбірек көңіл бөлінетін болады.

«Жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін фракция тарапынан нақты жұмыстар жасалынуы керек. Әрбір депутат азаматтарға жақын болуы тиіс. Депутаттар сайлаушылармен жиі кездесулер ұйымдастырып, көшпелі қабылдаулар ұйымдастырса, фракция беделі одан әрі арта түседі», — деді Шымкент қалалық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Бекайдар Төлегенов.

Мәжілісті партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов қорытындылап, партия активіне партия жұмысын жаңғырту және партияның сайлауалды бағдарламасы мен съездерде қабылданған шешімдерді орындау жұмыстарында белсенділік танытуға шақырды.

Айта кетейік, «Nur Otan» Партиясының кеңейтілген саяси кеңесінде Елбасы ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы қоғамда кең талқыланып, қолдау табуда. Елбасы партия мүшелерінің бірігуіне, партияның ядролық мүшелерін қалыптастыру қажеттігіне назар аударып, фракция жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыру туралы ауқымды міндеттер қойған. Партияның бастауыш ұйымдарында, фракция отырысында бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жоспарлар жасалынып, алдағы міндеттер нақтылануда.