«Zhas project» 700 оралдық жасты жұмыспен қамтыды

Мемлекеттік бағдарламалар көмегімен жыл басынан бері 6000-ға жуық батысқазақстандық жас тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты.

Соның ішінде, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 1000 астам түлек жұмыспен қамтылса, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 558 жас маман ауылдық жерлерге барып 203,6 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алды, 322 маманға 1,1 млрд.теңге  көлемінде баспана алуға несие берілді.

Бұл туралы Орал қаласында өткен  «Жастар. Кәсіпкерлік. Заманауи бастамалар. Жастардың дамуына арналған жаңа мүмкіндіктер» атты форумда айтылды.

Форумға қатыстан БҚО мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар мемлекетімізде жастарға білім алып, қызмет етуге бар жағдай жасалып жатқандығын тілге тиек етіп, жастардың әр саладағы бастамаларына сәттілік тіледі.

«Еш жерде оқымайтын, жұмыс жасамайтын, табысы төмен NEET санатындағы жастарды қолдау мақсатында «Zhas project» жобасы өңірімізде жақсы жүзеге асуда. Аталмыш жоба аясында Орал қаласында 217 жоба 1 млн. теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды, сонымен қатар 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылып, олар ай сайын 40 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін әлеуметтік шәкіртақы алады», — деді жиында баяндама жасаған БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев.

Форумда  «Топан» компаниясының атқарушы директоры, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ғайса Жұмалиев бизнес жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, жастарды өз кәсібін ашып, сол жолда табанды жұмыс жасауға шақырды. «Синергия» университетінің департамент директоры Дана Садықова, «Достар стом» тіс емдеу клиникасының директоры Самат Ихласов  мақсатқа жету жолында кездескен кедергілерден қаймықпай өтіп, қателіктерден сабақ алып,  күресе білу қажеттігі туралы орамды ойларын ортаға салды. Сондай-ақ жастардың басын қосқан пікірталас алаңына жас блогерлер, жас журналистер, өңірдегі жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, өз пікірлерін білдірді. 

Ернар ХАЙДАР,

Орал қаласы