13 қыркүйекте Қызылордада жас суретшілер байқауы өтті. Байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Сананың ашықтығы» арнайы жобасы аясында жүзеге асырылды. Республикалық жас суретшілер байқауының аймақтық кезеңін Қызылорда облысы білім басқармасының «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы ұйымдастырды.
Өнерлі жастардың сайысы Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы филиалының базасында өткізілді. Жас суретшілердің эстетикалық, гуманистік және патриоттық сезімдерін және әлемдік, отандық көркем мәдениеттің дәстүрлеріне деген қызығушылықтарын ояту, қосымша көркемдік білім беруді дамыту, білім алушының тұлғасын тәрбиелеп, шығармашылық дамытудағы балаларға арналған көркемөнер мектептерінің рөлін арттыру байқаудың негізгі мақсаты болды.
Байқау барысында классикалық кескіндеме, авангард және эксперименталды кескіндеме, «Менің Отаным» бағыттары бойынша жас суретшілердің көрмесі дайындалды. Көркемөнер додасына қатысушылар «Коллаж», «Бояулар құпиясы», «Сүйікті кітаптардың иллюстрациясы» номинациялары бойынша сайысқа түсті. Сан түрлі ренктермен әрленген жас дарындардың туындылары көпшілік көңілінен шығып, өз бағасын алды.