Қызылордада «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық музыка фестивалі өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шараның негізгі мақсаты ұлттық мәдениетімізді күллі әлемге насихаттау болып табылады. Тұңғыш Президент аталған бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап кеткен болатын.
Осы орайда «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы мен Қызылорда облысы әкімдігі бірлесе жасаған шара биыл бесінші рет ұйымдастырылды. Қыркүйектің 19-21 аралығында өткен өнер фестивалінің бірінші күнінде фольклортанушы ғалымдар конференцияда бас қосып, пікір алмасты.
Фестивальге қатысушы меймандар облыстық тарихи-өлкетану музейін және Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан «Қала тарихы» музейін аралады. Одан әрі «Рухани жаңғыру» орталығының жұмысымен танысты.
Биылғы өнер фестивалі «Жастар жылына» орай «Түркі әлемін тоғыстырған – Сыр елі» атауымен өткен жиынмен ерекшеленді. Аталған шараға еліміздің әр аймағынан жиналған шығармашыл жастар мен Түркия, Әзербайжан, Иран, Татарстан, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Якутия елдерінен арнайылап келген өнерпаздар қатысты. Түркітілдес елдер жастарының пікір алмасу алаңын ұйымдастыруға Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жас орда» жастар қоғамдық бірлестігі атсалысты.
«Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің ашылу салтанаты Қызылордадағы «Достық үйі» алдында өтті. Өнер фестивалінің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов: «Өздеріңізге белгілі, Қорқыт ата мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Бұл тек Сыр елінің ғана емес, барша түркі жұртының ортақ қуанышы. Ұлы ойшыл абыз Қорқыт атаның мұраларына арналып отырған бұл фестивальдің келер ұрпаққа берері көп. Бүгінгі таңда облысымыздың 7 ауданында қобыз үйірмелері ашылып, оған кәсіби мамандар дәріс беріп, осы өнерге жас жеткіншектердің қызығушылығы күн санап артып келе жатқандығын мақтанышпен айтқым келеді», - деді.
Дәстүрлі шараның түйіні Қармақшы ауданы маңында орналасқан Қорқыт ата кешенінде өтті. Мемориалды ескерткіш кешенінде Сыр елі қолөнер шеберлерінің ұлттық бұйымдар жәрмеңкесі жасалып, «Алтыбақан» жастар ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Ал, түркітілдес мемлекеттерден келген өнерпаздар кешен аумағында өз елдерінің ұлттық музыкасын таныстырып, өнер көрсетті. Республикамыздың әр аймағынан жиналған өнерлі жастар да бұл шараға белсене қатысып, төл өнерімізді паш етті. Түркі әлемін бір арнаға тоғыстырған шара Қорқыт ата топырағында өткен дәстүрлі өнер гала-концертімен тәмамдалды.