Сыр жастары тарихи орындарға саяхат жасады

«Қызылорда облысы жастар саясаты мәселелері» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен жастарға арналған тарихи тур ұйымдастырылды. Өлкенің тарихи орындарын аралауға "Азаматтардың бастамаларын қолдау» қоғамдық қоры белсене атсалысты. Турдың мақсаты – жастарды киелі мекендермен таныстыра отырып, еліміздің бай мұрасын насихаттау. Танымдық жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Тарихи жерлерді тамашалауға арналған саяхатқа жүзден астам сырбойылық  білім алушылар қатысты. Олар алдымен Қызылорда облысы, Шиелі ауданы маңында орналасқан "Оқшы Ата" кесенесіне зиярат жасады. Содан соң Жаңақорған ауданына жақын жердегі Қазақ хандығының тұңғыш астанасы болған Сығанақ қаласына сапар шекті. Одан әрі Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Сауран қалашығына аялдады. ХІІІ ғасырда Ақ Орданың астанасы болған, ХІV ғасырда Әмір Темірдің әскери қамалына айналған Сауран қаласы әйгілі дуалдарымен жас саяхатшыларды баурап алды. Тарихи тур түркілердің бесігі болған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жалғасын тапты. ЮНЕСКО Әлемдік мәдени мұрасының қатарына енген киелі кесенеде жастар ел тарихына қатысты құнды деректермен танысып шықты. Көне дәуірдің бағалы ескерткіштері болып саналатын қалалардың бүгінгі күнге дейін жеткен бөлігі мемлекет тарапынан бақылауға алынған. 2004 жылдан бері мәдени, рухани құндылықтарды қорғауға бағытталған негізгі ұлттық жоба – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еліміздегі киелі орындар өз мерзімінде қайта өңдеуден өтіп тұрады. Жоғарыда аталған тарихи мекендерге де қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.  

Сыр жастары Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ескі шаһарларды аралай отырып, тарихи орындардың қыр-сырына қанықты. Олар бұл саяхаттан ерекше әсер алып қайтты.

«Біз бұл сапар барысында Ұлы Жібек жолы бойындағы көне шаһарларды аралап, көптеген мәліметтерге қанықтық. Құмды қалалардың әрбір бөлшегі «Мәңгілік елдің» тарихынан сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырды. Осы саяхат біздің білімімізді арттырып қана қоймай, рухани әлемімізге де мол қазына сыйлады. Тарихи мекендерге жасалған сапар басқа саяхаттарға қарағанда ерекше болады екен. Мұны жастарға керекті нағыз рухани байлық, ғибратты шара деп білеміз. Сол үшін осындай турлар жиі болып тұрса деген тілегіміз бар», - деді жастар.

Ұлттық мұраны дәріптеген тарихи-мәдени сапар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрақты түрде жүргізілетінін жеткізді ұйымдастырушылар.