Дизайн мамандығы бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде білімін шыңдаған Жадыра Құлмырзаева тігін өнерін игеріп, кішігірім шеберханасын ашады. Тұтынушылары көбейе бастаған соң қарамағына көмекші мамандарды да жұмысқа тартады. Дегенмен, тапсырыс берушілердің қатары күн санап артқан сайын жұмыс орнының тарлығы байқала түседі. Осы орайда Жадыра Терекжанқызы шеберханасын кеңейтуді көздеп, мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгінеді. Ол таяуда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша несие алып, кішкентай шеберханасын 2 шағын тігін цехына айналдырды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы «Қолдау» бағдарламасы шеңберінде 1 600 000 теңге көлемінде несие алған жас кәсіпкер бүгінде бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Тігін өнеріне бала кезімнен бері жақын болып өстім. Әжемнің ескі тігін мәшинесімен жасаған бұйымдарына мән беріп қарап жүретінмін. Өзім де сол кезден бастап ине-жіппен жұмыс істеуді үйрендім. Сол қызығушылығым мені дизайнер болуға итермеледі. 4-5 жылдан бері алға қойған мақсаттарым өз кезегімен орындалып келеді. Өз шеберханамды аштым. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар менің кәсібімді дөңгелетуіме үлкен септігін тигізіп отыр. Кәсіпкерлер палатасы менің өтінішіме бей-жай қараған жоқ. Шағын кәсіп туралы арнайы мамандар кеңес беріп, бизнес-жоспарымды да жасауға көмек берді», — деп мемлекеттік бағдарламалардың халыққа тиімділігін атап өтті кәсіпкер.
Кәсіп иесінің қолынан шыққан өнімдерге көпшіліктің сұранысы жоғары. Шағын цехта кешкі көйлектер, мектеп формасы, арнайы киімдер тігіледі. Мұндағы ісмерлер ескі киімдерді су жаңа етіп өңдеумен де айналысады. Ал, екінші шеберханада оюлармен көмкерілген көрпелер, түрлі құрақ жиынтықтары, қыз жасауы жасалады. Сонымен қатар, Қызылордадағы колледждерде тігіншілік мамандығы бойынша білім алатын студенттер Жадыра Құлмырзаеваның шеберханасынан тәжірибеден өтіп тұрады. Алдағы уақытта жас кәсіпкер екі шеберханасын біріктіріп, үлкен тігін орталығын ашуды көздеп отыр.