Қазалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері: «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының кеңеюі қуантады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына арнаған алғашқы Жолдауында тұтас елдің мәселесін қозғады, дейді Қазалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлжихан Нысанова.

«Әсіресе, елді-мекендердегі жағдайға байланысты айтылған ойларын құптадық. Соның ішінде, ауылға жас мамандардың аз келетіндігі. Жастар қалада қалғысы келеді. Бірақ еліміздің дамуына бірден-бір локоматив болатында жастар екендігі рас. Осы тұста Президенттің «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру керектігін айтты. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырғаны көңілге қонды», — дейді бас дәрігер.

Жасыратыны жоқ, бұл ауыл медицинасы үшін де үлкен мәселе.

«2018 жылы пайдалануға берілген жаңа ауруханаға маман тарту күн тәртібінде тұрды. Еліміздегі медициналық жоғарғы оқу орындарының бітіруші студенттермен, резиденттермен өзара келісе отырып, ауданымызға тартуға жұмыс жасалды. Нәтижесінде соңғы 3 жылда 50 дәрігер елге келді. Оның 24-і «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы аясында үй алып, өзге де мемлекеттің жеңілдіктеріне ие болды», — деп атап өтті Г.Нысанова.

«Ия, аудан халқының сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына жағдай жасау біздің міндетіміз. Осы мақсатта, республикада бірінші рет біздің ауданда, қымбат тұратын ангиограф аппараты қойылып, тері асты емдеу орталығы ашылды. Арал, Қазалы, Қармақшы ауданының халқына тегін медиицналық көмектің шеңберінде қызмет көрсететін болады. Бұл да аудан үшін үлкен жетістік», — деп түйіндеді дәрігер .