Қызылордада жол сапасы басты назарда

Қызылордада аймақтағы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша жиын өтті. Маңызды мәжілісті облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің мамандары ұйымдастырды. «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы аясында өткен жиынға қала және аудан әкімдіктеріне қарасты сала мамандары қатысты. Аталған шара инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткізілді.

Өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3451 шақырымды құрайды. Оның оның 1016-ы республикалық, 563-і облыстық, ал 1872-сі аудандық маңызы бар жолдар қатарына жатады. Биыл жергілікті жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеуге, көлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттен 12,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Бүгінде бөлінген қаражатқа 192 шақырым көлік жолдары, көшелер мен көпірлерді жөндеу жұмыстары жүзеге асып жатыр.

«Облыстық және аудандық жолдардың сапасын қадағалау барысында 78 рет жолға шықтық. Ішінара тексеру кезінде 257 сынама алынды. Нәтижесінде бірнеше жолдан кемшіліктер табылды. Мысалы, «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» тас жолы мен Әйтеке би  ауданындағы кіреберіс және айналма автожолында асфальт жамылғысы қалыңдығының сәйкес келмеуі, жолдың тегіс салынбау себептері анықталды. Бұл кемшіліктер жайлы мердігер компанияларға хат жолданды. Алайда, әлі де ол ақаулар қалпына келтірілмей отыр», – деді «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК басшысының міндетін атқарушы Ержан Усманов.

Аталған мекеме мамандары олқылықтардың дер кезінде орындалуын қадағалауды қолға алып, ағымдағы жылдың наурыз айынан бері тексеріс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мұндай кемшіліктер жөнге келтірілмесе, құзырлы мекемелер көмегіне жүгінетіндерін де тілге тиек етті маман.

Биыл облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішін 65% жеткізу көзделіп отыр. Ал, 9 ай нәтижесі бойынша 10,6 млрд теңге игеріліп, белгіленген жылдық жоспар 85 пайызға орындалады дейді мамандар.