Сыр бойындағы туристік нысандар әлемдік мобильді қосымшаға енеді

Қызылорда облысының цифрлы технологиялар басқармасының мамандары Нұр-Сұлтан қаласында өткен дүниежүзілік туристік ұйымының «UNWTO» қалалық туризмді дамытуға арналған  «Ақылды қалалар, ақылды дестинация» VIII Жаһандық саммитіне қатысып, цифрландыру мәселесіне қатысты жаңа тәжірибе жинақтап қайтты. Атап айтқанда, Қазақстандағы «Смарт туризм» орталығының негізін қалаушы Дмитрий Тинмен кездесіп, Қызылорда облысының туристік орындарын мобильді қосымшаға енгізу мәселелерін талқылады. Кездесу «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктерін жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған болатын.

Аталған кездесуде екіжақты ынтымақтастық мәселелер де сөз болды.

«izi.TRAVEL» деп аталатын бүкіләлемдік мобильді қосымша бар. Ондағы картада әлемнің әрбір қаласының белгіленген нүктесі көрінеді. Оған қоса мобильді қосымшаның әрбір туристік аймақ туралы мәлімет беретін аудиогиді болады. Дегенмен, бұл картада Қызылорда облысының туристік орындары мүлдем жоқ. Оның себебі осы кезге дейін тапсырыстың берілмегендігінде болып отыр. Сондықтан, өз аймағымыздағы тарихи-мәдени нысандарды, өңір құндылықтарын насихаттау мақсатында «Смарт туризм» орталығымен байланыс орнатудамыз. Бұл орталық туризмге арналған заманауи цифрлық технологияларды ұсынады. Ондағы мамандар туристік орталықтарға, мұражайлар мен экскурсиялық бюроларға арналған цифрлық жабдықтарды, контенттер және аудиогидтер әзірлейді. Осы мақсатта біз аталған орталықпен бірлесе жұмыс атқарамыз», — дейді Қызылорда облысының цифрлы технологиялар басқармасының мамандары.

Ағымдағы жылдың қараша айында Қызылорда қаласында «Цифрландыру күні» шарасы өтеді. Бұл шараға «Смарт туризм» орталығының басшысы Дмитрий Тин спикер ретінде шақырылды.