Қызылордада «Іскерлік байланыстар» жобасының екінші кезеңіне құжаттар қабылдануда

Кәсіпкерлер арасында «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Іскерлік байланыстар» жобасы жүзеге асырылып келеді.  Осы орайда Қызылордадағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Іскерлік байланыстар» құралы бойынша құжаттар қабылдау жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Аталған жобаға құжат қабылдау ағымдағы жылдың 14 қазаны мен 8 қараша аралығында өтеді. Ал, үміткерлермен сұхбаттасу мерзімі  09.12 - 13.12.2019 күндері жүргізіледі.

Фото dsm.gov.kz сайтынан алынды

«Іскерлік байланыстар» құралының негізгі мақсаты халықаралық және шетелдік ұйымдардың қолдауымен шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнатуға бағытталған. Оған қоса мұндай мүмкіндіктер арқылы өндірісті модернизациялауға қолдау көрсетуді көздейді. Бұл жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде ел аумағында оқыту шаралары жүргізіледі. Жобаның бірінші кезеңі Қызылорда қаласында қыркүйек айында өтті. Осы кезеңнің талабы бойынша қатысушылар отандық бизнес-тренерлердің жетекшілігімен өз кәсіпорындарының дамуының бизнес-жоспарын жасау үшін қажетті дағдылар мен білім алатын бизнес-тренингтерден өтті. Екінші кезең қатысушылар үшін шетелде ақысыз тақырыптық бизнес-тәжірибе жинақтауға арналған.

«Бұл бағдарламаға қатысудың өзіндік талаптары бар. Ең алдымен, қатысушы шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болу керек. Содан кейін қатысушының атқаратын қызметі кәсіпорын басшысының орынбасары лауазымынан төмен болмауы тиіс. Сондай-ақ, кәсіпорынның атқаратын қызметінің бағыты «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының экономиканың басым секторлары тізбесіндегі қызметтердің санатынан болуы шарт. Осы талаптар орындалғаннан кейін ғана кәсіпкер «Іскерлік байланыстар» құралына қатысуға мүмкіндік алады», — дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары.

Жобаның екінші кезеңіне қатысу үшін қатысушының «Іскерлік байланыстар» құралының бірінші кезеңін немесе «Шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту» құрамбөлігін аяқтауы туралы куәлігі болуы шарт. Сондай-ақ, тағылымдама үміткерлерінің нақты мақсаты болуы керек. Іріктеу барысы үміткерлермен олардың тағылымдамаға қатысу мақсаттары туралы сұхбат, жобалық тапсырманы бағалау және конкурстық құжаттаманы анализдік талдау бойынша өтеді.