Қызылордада «Жас ұлан» ББЖ қозғалысын дамыту» әлеуметтік жобасы шеңберінде облыстық «Асыл мұра» этнофестивалі өтті.
Шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жастар мен жасөспірімдерге ұлттық құндылықтар мен мәдениетті насихаттау, ұлттық код ұғымын сіңіру мақсатында ұйымдастырылды. Этнофестивальге 150-ден аса жас қатысты.
Шараның «Ұлттық мәдениет» бөлімінде Қызылорда облыстық өлкетану мұражайы экспозициясының таныстырылымы мен фестивальдің ашылу салтанаты өтті.
Ал, «Ұлттық жәрмеңке» атауымен өткен екінші бөлімде қатысушылар қолөнер туындыларын, археологиялық ескерткіштерді насихаттады. Сонымен қатар, «Ұлы дала өнері» тақырыбында қолөнер шеберлер көрмесі ұйымдастырылып, көрпе, түскиіз, сырмақ, кесте, саз, тас, ағаш, мата, жүн, теріден жасалынған туындылар, зергерлік бұйымдар мен ағаш ыдыс-аяқтар көпшілік назарына ұсынылды.
«Ұлт символдары балалар қолымен» тақырыбында қатысушылар өз қолдарынан шыққан шағын жұмыстарымен таныстырды.
Қазақтың ұлттық тағамдарын паш етуге бағытталған «Ұлттық тағам – ұлт мақтанышы» көрмесінде қатысушылар тағамдардың жасалу жолдарын айтып өтті. Фестивальдің «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» бөлімінде жастар ұлттық спорт сайысы түрлері бойынша сайысқа түсті.
Этнофестиваль барысында көрме жұмыстарымен қатар халық әндері шырқалып, мақал-мәтел айту ойындары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жас қатысушылар бейнероликтер арқылы түрлі шеберлік-сыныптарымен танысты.
Фестивальге Қазақстан Қолөнер шеберлері одағының облыс бойынша өкілі, «Қарлығаш» шеберлер орталығының төрайымы Қарлығаш Ильясова, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі «Экскурсиялық-көпшілік» бөлімінің меңгерушісі Эльзира Сағитжанова, Қызылорда облысының «Асық ату» мен «Бес тас» ойыны бойынша бас жаттықтырушысы Азамат Көбелов, қалалық оқушылар сарайының педагогы Ескендір Серманов қатысып, қазылық жасады.
Шара қорытындысы бойынша Арал, Қазалы аудандары І орынға ие болды. Жеңімпаз аудандарға 70 мың теңге қаржылай сыйлық берілді. Ал ІІ орынды иеленген Шиелі, Қармақшы аудандары 50 мың теңге, Жаңақорған ауданы мен №9 Білім-инновация лицейі ІІІ орынды иеленіп, 30 мың теңгеден сыйақы алды. Жүлдегерлерге дипломдар мен сертификаттар табысталды.