Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін арттырмақшы

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, тұрғындардың табысын өсіруге және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар белсенді жүзеге асырылып жатыр.

Фото : Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мемлекеттің тұрақты қолдауының арқасында соңғы бес жылда облыстың жалпыөңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 2,6 проценттен 3,7 процентке артты. Жыл сайын өңделген өнімдердің экспортын 2,5 есеге ұлғайту, өндірілген жалпы өнім көлемін 2 есеге, инвестиция көлемін 3 есеге арттыру міндеттелген. Бұл міндеттерге қол жеткізу үшін қабылданған «Агрокарта» аясында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.

Қызылорда қаласында «Сыр маржаны» ЖШС стандартқа сай ет комбинатының құрылысын салып, жыл аяғында қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

Осы ет комбинаты қолданысқа берілгенше, облысқа бекітілген жоспарды бұқашықтарды тірілей өткізу арқылы орындауды көздеп отырмыз. «Сыр маржаны» ЖШС Өзбекстан мемлекетіне 250 бас тірідей бұқашықты экспорттады. Иран Республикасына 56 бас бордақыланған бұқашық экспортталды. Иран Ислам Республикасына 789 бас, Біріккен Араб Әмірліктеріне 950 бас тірілей қозы экспортқа жөнелтілді.

Биыл облысқа «Сыбаға» бағдарламасы аясында 2650 бас асыл­тұқымды импортталған МІҚ аналығын сатып алу жоспары бекітілген. Шет мемлекеттерден малды асылдандыру және ет, сүт бағытын арттыру  мақса­тында  807 бас, яғни, Чехиядан 280, Германиядан 167, Ресейден 360 бас  асылтұқымды ірі қара аналығы облысқа жеткізілді.

Пайдаланылмай жатқан жерлер оны қолдануға қабілетті тұрғындарға жалға беріледі. Барлық егістік жерлер түгенделетін болады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша пайда­ла­нылатын қаражат үш есеге артып, олар инфрақұрылымға, мектептер мен ауруханаларға жұмсалады. Ауыл­шаруашылық өндірісін 4,5 есеге арттыру үшін суармалы жерлердің саны 4 есеге ұлғаймақ.