Бүркіт пен Аишаның жарнамасына сеніп, жиһазға тапсырыс берген қазақстандықтар алданып қалды

30-дан астам алматылық тұрғын әнші Бүркіттің жарнамасын көріп, жиһаз жасайтын компанияға қыруар қаражат төлеп, тапсырыс берген. Алайда, халық күткен жиһаз айтылған уақытта дайын болмаған. Қазір материалдық шығын 32 млн теңге деп бағаланып отыр, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.

Фото: berkut_aibekjan

Жәбірленушілердің көбі «Safari Mebel» компаниясына отандық жұлдыздар оң пікір білдіргенін кейін таңдаған. Ал дәл осы жиһаз жасайтын цехты жарнамалаған әнші Бүркіттің айтуынша, Safari Mebel өкілдері тапсырысты уақытылы жасап, келіскен мерзімде орындап берген. Сапасы ұнаған соң, аталмыш компания туралы Instagram парақшада жарнама жасадым дейді.

«Бір жарым жыл бұрын Instagram арқылы өтініш жасады. Тапсырысқа жиһаз жасап бере алатынын айтты. Үйге жиһаз қажет болғандықтан келістік. Бартер ретінде: олар бізге балалар бөлмесіне жиһаз жасап береді, ал біз Instagram арқылы жарнама жасап береміз. Артынша Аманжол есімді жігіт үйге келіп, бәрін өлшеп, бір айдан кейін дайын болатынын айтты», ― деді Бүркіт.

Бірнеше айдан кейін әнші тағы да сол жиһаз компаниясына жүгінген. Алайда, содан бері бір жылдан аса уақыт өтті, ал тапсырыс әлі дайын емес дейді. Дәл осылай ақшаларын беріп, жиһаздарын әлі ала ламай жүрген 30-дан аса азамат полицияға арыз жазған. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, жалпы материалдық шығын 32 млн теңгеден асады. Қазір компания өкілі қамауға алынған.

Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, оның қамауға алынуы ең алдымен прокуратура және сотпен санкцияланған. Қазіргі таңда тергеу басқармасының қызметкерлдері бұл азаматтың басқа да тәріздес қылмыстарға қатыстылығын тексеру үстінде. Полиция департаментінің айтуынша, ұсталған ер адамның қылмысы дәлелденсе, мүлкі тәлкіленіп, жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Маркетолог маманның айтуынша, жарнамасы жасалған кез келген қызмет пен тауар түрін жіті тексеру керек.

«Біз бұл жерде үзілді-кесілді айта алмаймыз. Сатып алыңдар, сатып алмаңдар, блогерлерге сеніңдер, не сенбеңдер деп. Өйткені, ол жерде басқа да отзывтарды қарау керек. Маркетолог ретінде айтарым, ең бірінші қандай да бір блогер тауарды жарнамаласа сол тауар бойынша гуглдан, ютубтан, басқа да алаңдардан, эксперттерден сол тауар бойынша сұраңыздар, не болмаса қызмет бойынша», ― деді маркетолог Мақсат Сайлауов.

Яғни, шешім қабылдамас бұрын тауарға қатысты барлық ақпаратпен танысу маңызды. Және бірден ақша төлеуге асықпаған жөн дейді маман.