Павлодар тұрғыны қала атауын өзгерту туралы петицияның астына қазақстандықтардың ар-намысына тиетін пікір қалдырған, деп хабарлайды baribar.kz.
Бұл туралы Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот құқықбұзушыны үш тәулікке әкімшілік қамауға алды.
59 жастағы ер адамның ісі Павлодар әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотта қаралған.
«Әлеуметтік желіде Павлодарды қайта атау туралы петиция жарияланған. Мұны көрген «М» есімді қолданушы қазақстандықтарға тіл тигізіп, ар-намысына тиетін пікір жазған. Ұсақ бұзақылыққа әлеуметтік желілерге мониторинг жасаған полицейлер назар аударды», ― делінген хабарламада.
Құқықбұзушы сотта кінәсін толығымен мойындап, өз ісіне өкінетінін айтты. Сот ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Ол үш тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.