Павлодарда белгісіз кәсіпкер орталық мешітте күніне 170 адамға ауызашар беруде

Қайырымдылық ауызашарына жұмсалатын қаржыны кәсіпкер алдын ала беріп қойған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Фото с сайта muslim.kz

Бұл туралы Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Бертімұратов мәлім етті.

«Мәшһүр Жүсіп мешітінде 3 ас ішетін зал бар. Оразаға арнайы дайындалған қайырымдылық ауызашарын беретін залды бір кәсіпкер Рамазан айының барлық күндеріне жалдап алды. Алла разылығы үшін деп ниеттенген кәсіпкер аты-жөнін атамауды өтінді. Бұл залда 170 орын бар. Күн сайын сол орындар толуда. Жамағаттың көп келгені әрине жақсы», — деді Жолдас Бертімұратов.

Бас имамның айтуынша, бұл залда 1 ай ішінде күн сайын ауызашар беру үшін 5 млн 400 мың теңге жұмсалады.

Сонымен қатар, орталық мешітте Рамазан айының соңғы 10 күнінде сәресін беру де жоспарланып отыр.

«Бұған енді бірнеше адам қатысады. Күн сайын бір сәресін беруді белгілі адамдар жауаптанып алатын болады. Ниет білдірушілерді бұл игі іске қатысуға шақырамыз», — деді Жолдас Бертімұратов.

Еске салайық, биыл Рамазан айы 2 сәуір күні басталды. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – қасиетті Қадір түні.

Биыл берілетін пітір садақа мөлшері – 500 теңге болып бекітілді. Ол 2 кг ұнның бағасына қарай саналды.