Роза Рымбаева Наурыз мерекесі қарсаңында сахнада болған дауға қатысты пікір білдірді. Ол Тимур Балымбетовке берген сұхбатында мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды stan.kz.
«Сол көрермен әртісті сыйламады. Мен мыңдаған көрерменнің алдында ән айтып тұрсам, селфи жасап жатыр. Менің ән айтып тұрғанымда, образда тұрғаныма, мыңдаған халықтың менің әнімді тыңдап тұрғанында шаруасы жоқ. Өзінің ойын жасап жатыр», ― деп ашынды халық әртісі.
Роза Қуанышқызының айтуынша, бұл мәдениетсіздіктің белгісі.
«Өзім бір ұстаныммен ғана жүретін адаммын. Мені, өнерімді сыйламайтын адамға «ары тұр» деп айтамын. Мыңдаған көрерменге қарамай, селфи жасап жатыр. Менімен селфи жасайтындай ол кім соншама? Бөгет болма, былай тұр, ән айтуға мүмкіндік бер дедім. Айқайлаған жоқпын, итерген жоқпын. Не істеймін енді? Онымен түссем, екінші, үшінші көрермен шығады. Сосын өзіңді таптайды. Еркіндіктің де шегі болу керек», ― дейді Роза Рымбаева.
Әнші мұндай ыңғайсыз жағдайлар сахнадан тыс жерде де болып тұратынын атап өтті.
«Әншіні балағаттап та кетеді. Мен бассейннен шығып, шашым су болып тұрған кезде, біреу суретке түсейік дейді. Бұл түріммен түспеймін десем, сол кісі маған көзін алартып, ішінен неше түрлі сөз айтып кетті. Қазір сондай», ― дейді Рымбаева.
Еске салайық, наурыз айында Роза Рымбаева Семейде өткен концерт кезінде көрерменнің бірі сахнаға шығып, халық әртісімен селфиге түскен еді. Мұны жақтырмаған әнші көрерменнің кеудесінен итеріп, сынға қалды.