Батыс Қазақстан облысының тұрғындары әкімнің жұмысына наразылық білдіріп, оның отставкаға кетуі туралы петиция жариялаған. Авторлар азаматтардың барлық өтініштері қаралмайтынын да жазған, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі Aibat жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Бұған қатысты аймақ басшысы Ғали Есқалиев үкімет кулуарында жауап берді.
Журналист одан «халық қалап тұрғанда азаматтық танытып, орныңызды босатуға дайынсыз ба?» деген сұрақ қойды.
«Әрбір өңірдің өзекті мәселелері бар. Өздеріңіз жақсы білесіздер, заң жүзінде, менің лауазымым бойынша тек президент шешім қабылдайды. Бәріне бірдей жаға алмаймын. Бірақ әртүрлі пікірлер де болады. Президент осыған қатысты шешім қабылдаса, мен көнемін» ― деп жауап берді Есқалиев.
Сондай-ақ әкім петицияны әлі оқымағанын, тек оқыған соң ғана пікір білдіре алатынын айтты.