Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданы Ханарық ауылының тұрғыны, өзбек ұлтының өкілі қазақтарға байланысты балағат сөзі үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Әлеуметтік желіде менің сөздерім тарап кетті. Басымды иіп тұрып, қазақ елінен, түркістандықтардан кешірім сұраймын. Бәріңіз кешіріңіздер мені! Осылай қате жолға шығып қалдым. Жерлестер, ауылдастар, жастар, үлкен кісілер, бәріңізден басымды иіп кешірім сұраймын!» — делінген оның басы салбырап тұрып сұраған кешірімінде.
Расында да дау жайылымдық жерге байланысты шыққаны нақтыланды.
Телеграм арналардың бірінде Түркістандағы өзбектердің «көршілес ауыл малдарын өз ауыл маңына жолатпаймыз, қазақтарды кіргізбейміз деп шуылдасып» жатқан видеосы тарады. Ішінде бір өзбек қазақтарға қарата тіл тигізіп, қатты сөйлеп жатқаны байқалады.
«Видеоны жолдаған Ердәулет есімді оқырманымыздың айтуынша, оқиға Төлеби ауданының Ханарық елді мекенінде болған. Өзбектерді полиция қоршап тұр деген ақпарат бар. Осы уақытта өзбектер тарапы қазақтардан кешірім сұраған деген дерек те жетті», делінген Адырна.кз телеграм арнасы таратқан ақпаратта.