Қаржы пирамидаларына қатысты түрлі ескертулер БАҚ-та жарияланып, теледидардан сан мәрте көрсетілгенімен, әлі де жеңіл табыс табамын деп алданып жүрген адамдар жетерлік. Олардың қатарында танымал эстрада жұлдыздары да бар. Мәселен Әлішер Кәрімов үш түрлі пирамиданың арбауына түскенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Негізі мен қаржы пирамидаларына сенбейтінмін. Алғаш рет түскенде жақын досым хабарласып: «Әпкем мазамды алып жатыр. Адам төзгісіз болып кетті. Ақшаң болса, сол компанияға кірші» деді. «Қазір ақшаң бар ма?» деді. Тойдан шыққан кезім, 2,5 мың доллардай ақшам бар еді, соны апарып бердім. Бір аптадан кейін сол пирамида жабылып қалды. Екінші рет бір миллион теңге салдым. Ол кезде қараша айы еді, «мамырда аласың» деді. Одан бері алты мамыр өтіп кетті, ақша жоқ», – деп «1001 түн» бағдарламасында Кәрімов айтты.
«Аузы күйген үрлеп ішер». Алайда Кәрімовке аталған екі оқиға да сабақ болмаған. Әнші үшінші жолы алаяқтарға бір пәтердің ақшасын ұстата салған.
«Үшінші рет қарындасымның пәтерін саттық. Менімен бірге тұрғысы келді. Ол ақшаны бірдеңеге салмасақ, кетіп қалады. 10 жыл араласқан досым шақырған пирамидаға бар ақшаны салдық, сонымен жоқ», – дейді ол.
Әнші кеткен қаржыны қайтаруға тырыспаған.
«Өмір алма-кезек деген сөз бар. Аллаға тапсырдым. Бір рет берген Алла келесіде де берер», – дейді әнші.