Бибісара Асаубаева мектепті «Алтын белгіге» бітірді. Кеше ол оқитын Ақтаудағы АиТи-лицей түлектеріне «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды baq.kz.
Шахматтан ең жас әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Ақтаудағы аити-лицейде 2019 жылдан бері білім алады. Мектеп қабырғасында жүріп «Әлемдегі ең жас чемпион» атаныды. Жарыстарға үзбей қатысуға мүмкіндік беріп, демеу болған ұстаздарына алғысын жеткізді.
«Бүгін біз үшін маңызды күн. Өйткені, қолымызға аттестатымызды алдық. Мен 3 жылдан бері Ақтауда оқимын. Биылғы оқу жылында шахматтан әлемнің ең жас жеңімпазы атанып, Азия чемпионы болдым. Маған білім беріп, қолдау білдірген мұғалімдер мен мектеп басшылығына ризашылығымды білдіремін. Ал сыныптастарыма сәттілік тілеймін. Өйткені алда біздің өмірдің түрлі белесі күтіп тұр», — дейді «Алтын белгі» иегері Бибісара Асаубаева
Сондай-ақ осы күні Жаңаөзендік түлектерге де «Алтын белгі» төсбелгісі табысталды. Биыл Жаңаөзен мектептерінен 1485 түлек түлеп ұшты. Оның 29-ы «Алтын белгі», 139-ы «Үздік аттестат» иегері атанды.
Биыл облыс бойынша 7 562 түлек мектеп бітірді. Олардың 174-і түлек «Алтын белгі», 515 — «Үздік аттестат» иегері атанды. Ал 44 оқушы республикалық пәндік олимпиада жеңімпазы атанса, облыстағы 7 білім ордасы еліміздегі «100 үздік мектебінің» қатарына енді.