Атырауда бір ғасыр адам жерленген орынға көпқабатты үй салынып жатыр. Қала тұрғындары зират болған жерге құрылыс жүргізуге қарсылық білдіруде, деп хабарлайды Stan.kz.
Құрылыс басталайын деп жатқан жерде адамдар жерленгені жөнінде халық арасында қаңқу сөз болып, ғалымдар бірнеше жыл іздегенімен, нәтиже шықпаған болатын.
Алайда 2019 жылы жұмысшылар кездейсоқ адамның бас сүйектері мен қаңқаларын тапқан. Қазба жұмыстары жүргізіліп, он адамның бас сүйегі анықталған. Мамандар тағы адамдар жерленуі мүмкін деген болжам айтып отыр. Себебі жақын маңда бұрынғы тергеу изоляторы орналасқан. Кейбір деректерге сенсек, мұнда жүз жыл бұрын атылып кеткен азаматтар жерленуі мүмкін.
Алайда әкімдік бұл жерді жекенің қолына сатып жіберген. Сатып алған компания – жол салумен айналысатын «АтырауИнжСтрой» ЖШС.
«Қала әкімінің өкімімен, аталған жер учаскесі 2020 жылы «АтырауИнжСтрой» ЖШС сатылды. Бұл жерге сауда кешені бар көпқабатты тұрғын үй салынбақ. Барлығы заңды», — деді қала әкімінің баспасөз-қызметі.
Қаланың байырғы тұрғындары бұл аруақтарды қорлау екенін айтып, болашақта оның зардабын тағы да халық тартатынын жеткізді.
«Бұл — әруақтарды қорлау. Ақша үшін адамдар жерленген сатқаннан ешқандай жақсылық болмайды. Керісінше, тарихи жерді қорғап, қайта гүлдендіруге болмай ма? Әруақтардың үстіне үй салса, кейін жамандық болады. Ол адамдарды қинап өлтірді, жандары қиналып, қалай болса солай жерленді», — дейді зейнеткер.