Димаш әндері – Бразилияда

Бразилияның Correio 98 FM радиосының эфирінде күн сайын Димаш Құдайбергеннің әндері тоқтаусыз беріліп жатыр, деп хабарлайды aikyn.kz.

Фото: Persona Stars

Биыл мамыр айынан бастап радиотыңдарманға Димаштың «Я скучаю по тебе» «О’кей» және S.O.S композициялары ұсыны­лып келеді.

Бразилияның таны­мал Correio 98 FM радиосы алғаш рет 1983 жылы эфирге шықты. Радиостанцияның штаб-пәтері Кампина-Гранди қаласында орналасқан.

Радиожүргізушілер Димашты үлкен вокалдық диапазоны бар әнші ретінде таныстырып, әртістің түрлі музыкалық жанрларда және әлемнің көптеген тілдерінде ән шырқайтынын атап өтеді.

Димаш Құдайберген әндерінің Бразилияның ірі радиостанция­сында таратылуы – Dimash Qudaibergen FC Brasil фан-клубы жұмысының нәтижесі. Сондай-ақ осы жоба аясында Бразилия­ның танымал Extra газетінде Димаш пен оның шығарма­шылығы туралы бірнеше мате­риал шықты.