Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген айыппен ұсталған вайнер Мейіржан Төребаевтың қамауда отыру мерзімі тағы екі айға ұзартылды. Бұл жаңалық әсіресе блогердің жұбайы мен үйде күтіп отырған бес баласына ауыр тиді. Дана Есеева болған жайттан балаларының басына қандай қиыншылықтар түскенін әңгімеледі, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.
Төребаетың 1 қыз, 4 ұлы бар. Кенжелері небәрі 2 және 3 жаста.
«Жантөре әкесінің суретін мейрамханадан көріп қалды. Балаларым әкелерін ұмытып қалмас үшін оларға үнемі ол туралы еске салып тұрамын деп ешқашан ойламаппын. Балаларымызды әке махаббатынан қасақана айырғандар, сіздер бақытсыз жансыздар. Бастысы, бұл сіздердің балаларыңызға тимесін. Бастысы, ол тірі. Барлығы әлі алда. Болған жағдайға міндетті түрде пікір білдіремін. Есеңгірететін дүние көп. Жуырда Адижан маған: «Мұңайма», деді. Осы айлар ішінде оның қаншалықты есейгенін сол сәтте түсіндім. 12 жасында ол да сынақтан өтуде», – деп түсіндірді Дана Есеева.
Бұдан бөлек, блогер ортаншы ұлының жылаған сәтін жариялады.
«Біздің әр түніміз осылай өтеді. Балалардың ішінде ең эмоцияға берілгіші Раимжан. Күніне бірнеше рет әкесін сұрайды», – деп бөлісті ол.
Блогер бұған дейін өзінің әлсіздігін, балаларының халін көрсетпей келді. Алайда мұны Мейіржанды "қаматып отырғандар көрсін" деген оймен жариялағанын айтты.
«Мұның барлығы бір күні біз үшін аяқталады. Ал оның кірі сіздермен қалады. Дегенмен де мен әділеттілікке, «Жаңа Қазақстанға» сенемін. Полицияның өктемдігін тоқтатынына сенемін», – деді ол.