Өткен демалыстарда Қарағанды облысында БАҚ қызметкерлерінің мерекесіне орай «Алтын Сұңқар» мүсінімен журналистерді марапаттау рәсімі өткен болатын. Желі қолданушылары журналистерді марапаттауға блогер Динара Сатжан қатысқанын және оған шараны жүргізгені үшін әкімдік 1,5 млн теңге төлемақы жасағанын айтып, шуласты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«1,5 млн теңгені Динара Сәтжан қарағандылық журналистерге «Алтын сұңқар» мүсінін сыйлағаны үшін алған. Оның үстіне визажист жалдаған», – деп жазды Facebook-те желі қолданушысы Айнұр Балакешова.
Сондай-ақ, Балакешова марапатты блогер емес, еңбегі сіңген журналистер бергені дұрысырақ болар еді деген ой тастады. Ол Сатжанның орнына шақыруға болатындардың қатарына Валерий Петухов, Вера Абишева сияқты тұлғаларды атады.
«Журналистер менімен келісетін шығар, Вера Түкеновна мен Валерий Евстафьевичтің қолынан марапат алу, құттықтау сөздерін есту әлдеқайда жағымды және символикалық болар еді», – деп жазды ол.
Бұл кісілердің орнына Динара Сатжанды шақыру тренд деп бағалады ол.
Постқа қатысты блогер Динара Сатжанның өзі де пікір білдірді. Ол бұл жағдай үшін өзін кінәлі санамайтынын жеткізді.
«Өз жұмысымды атқардым. Осы ретте саудаласқан жоқпын. Ұсынды, мен қабылдадым. Келдім, өткіздім, құттықтадым. Сондықтан әріптестер, ренжімеңіздер. Мейрем құтты болсын!» – деді ол.
Сондай-ақ, ол өзін сынаған әйелге қызғаныштың денсаулыққа зиян екенін жазды. Өзіне шынымен де ақы төленгенін, алайда желі қолданушысы айтқан бағадан екі есе аз төлемақы алғанын мойындады.
Қарағанды облысы әкімдігі өз кезегінде марапатты жыл сайынғы шара деп атады.
«Марапаттау рәсімі 2006 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бұл денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру саласында өткізіліп жүрген премияларға ұқсас шара», – деді басқармада.
Не себепті әкімдік басқа да беделді журналистер емес, дәл Сатжанды шақыруды ұйғарды деген сұрағымызға әкімдік былай деді:
«Динара Сатжан тек жүргізуші болды, марапат ұсынған жоқ. Оны біздің жерлесіміз әрі журналист ретінде шақырдық», – деп жауап берді әкімдікте.