«Өңірде салафизмнің қанат жаюына Назарбаевтың өзі мүдделі болды» – Сәтбаев қаласының бұрынғы әкімі

Сәтбаев қаласының бұрынғы әкімі Әнуар Омаров Сәтбаев қаласындағы сәлафилердің жоғары жақтан қолдаушылары болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Фото: el.kz

Оның айтуынша, керек болса, Сәтбаевта салафизмнің қанат жаюына Назарбаевтың өзі мүдделі болған. Бұл туралы «Сұрауы бар» YouTube арнасында жарияланған «Сәтбаев: мыс, миссионерлер және діни экстремизм» шағын деректі фильмінде айтылады.

«Олардың Қазақстанға келіп, қоғамымызға сіңіп кетуіне сол кездегі президенттің өзі мүдделі болды ма деп ойлаймын. Назарбаев оған мүдделі болғандығы, оған Қайрат Сатыбалдының қамқорлық жасауы, мүмкін енді басшылық жасауы деп айтуға болатын шығар», — дейді Сатбаев қаласын 2013-2016 жылдары басқарған экс-әкім Әнуар Омаров.

Ұлытау ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы, әрі Сатбаевтың бұрынғы әкімі діни ағым өкілдері күштік құрылым қатарында да уағыз жүргізгенін айтады.

«Олар бір шеті ҰҚК барып уағыз айтуға дейін қол жеткізді ғой мысал үшін. Егер сол жерде Қайрат Сатыбалды басшы болып тұрмаса олар оны істей алар ма еді?» — дейді ол.

Бұрынғы шенеунік қазба байлыққа бай Ұлытау жерінде теріс діни идеологияның таралуы мақсатты түрде жүргізілген саясат дейді.

«Жалпы халықты бұйығы болса екен, ешқандай да сұрақ қоймаса, талап қоймаса деп ойлау қай уақытта да билікке тән нәрсе. «Сәлафизм» сияқты радикалды бағыттар өркениет, ғылым, технологияның жетістіктерін мемлекетті дамытуға қолдану деген сияқты нәрселерден бұрып алып кететіні алдын ала белгілі ғой. Сонда саналы түрде қасақана жасады деп айтуға болатын шығар», — деп есептейді Әнуар Омаров.