Қазақстанға тағы бір алапат қауіп төніп келе жатқанға ұқсайды

Ресми мәлімет бойынша 2022 жылғы қаңтарда елде 788 апатты және 2 780 көнерген көпқабатты тұрғын үй болған. Олардың барлығы бір мезгілде күйресе, қайта тұрғызуға мемлекеттің күші жетпеуі мүмкін. Онда билік Арыстағыдай қайтадан бизнесмендерге немесе шетелдік қаржы ұйымдарына қол жаюға мәжбүр болмақ, деп жазады inbusiness.kz.

unsplash

Ғалымдар да, сарапшылар да Қазақстанның қуатты жер сілкіністеріне дайын еместігін бұрыннан айтып келеді. Төтенше жағдайлар министрлігінің дабыл қағуынша, Қазақстан территориясында сейсмикалық белсенділік дәуірі басталыпты. Биліктің бейғамдығы, сейсмикалық қауіпсіздік мәселесіне бас қатырмауы сол аудандарда тұратын азаматтардың наразылығын туғызады.

Атап айтқанда, ТЖМ дерегінше, әрбір қаланың құрылысы үшін оның нақты аумағындағы топырағының сипаттамаларын ескере отырып, «сейсмикалық шағын аудандарға бөлу карталары» жасалуға тиіс. Тиісінше, елдімекеннің осындай әрбір шағын ауданында ғимараттар мен құрылыстар дәл осы карталарға сәйкес жобалануы және салынуы қажет.

Мұндай карталар сейсмикалық қаупі 6 балдан асатын, 30 мыңнан көп тұрғыны бар әрбір елдімекен үшін жасалуы шарт. Алайда ондай карталарды күндіз шырақ алып жүріп таппайсыз.

«Себебі осы іс-шаралар республикалық бюджеттен жеткіліксіз қаржыландырылады. Осындай карталарды жасауға қатысты заңнамада негіздер қарастырылмаған, салдарынан жергілікті әкімдіктер сейсмикалық аудандарға бөлу карталарын әзірлеуді қаржыландыра алмайды. Бұл мәселені шешу үшін «Егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандастыру, сейсмикалық шағын аудандастыру карталарын әзірлеу және сейсмологиялық бақылау жүйелерін дамыту» мәселелерін қосу бөлігінде заңға түзетулер енгізу ұсынылады. Бұл түзету жергілікті атқарушы органдарға аталған іс-шараларға қаржы бөлу мүмкіндігін береді», – деп түсіндірді ТЖМ.

Тиісті заң жобасы дайын көрінеді.

Ғалымдардың бағалауынша, Қазақстан аумағының үштен бірі сейсмикалық қауіпті болып табылады. Онда ел халқының шамамен жартысы тұрады, 400-ден астам қалалар мен елді мекендер орналасқан, өнеркәсіптік әлеуеттің 40%-ы сонда шоғырланған.

«Қазақстанда сейсмикалық қауіпсіздік проблемаларын шұғыл шешу аса маңызды әрі қажет болып тұр. Себебі XXI ғасырдың басында жер қойнауындағы сейсмикалық процестердің жандануының кезекті кезеңі басталды. Бұл ретте Алматы, Шымкент қалаларына, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының аумақтарына жоғары сейсмикалық қауіп төнген. Оларда 7 балл және одан қуатты жер сілкінісі болуы мүмкін», – деген мәлімет берді министрлік.

Меморган бір тосын өзгеріске назар аудартты: бұрыннан анықталып, хатталып қойғанға қарағанда, бүгінде Қазақстанда сейсмикалық қауіптілігі жоғары территориялардың аудандары айтарлықтай ұлғайып шыға келген. Қарапайым тілмен айтқанда, осыдан ондаған жылдар бұрын зілзала болмайды деп есептелген қалалар мен елді мекендерге енді сондай қауіп төнуі мүмкін.

Бұған сейсмологиялық мәліметтердің жетіспеуі кесірінен болжаудың қиындауы проблемасы қосылып отыр.

Сондықтан ТЖМ Үкіметке «өңірлік сейсмикалық ахуалды нақтылау бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізу» ұсынысымен шықты. Соның аясында әрбір маңызды объектінің және ауданның аумағында зерттеулер жүргізген абзал. Ведомствоның пікірінше, соның қорытындысында алынған егжей-тегжейлі, құнды мәліметтер архивтерде шаң басып жатып қалмай, Қазақстан аумағындағы әртүрлі мақсаттағы нысандарды қорғау және оның сейсмикалық қауіпсіздігін арттыру шараларына негіз болып қалануға тиіс.

Ұзақ жылдар бойы осы мәселемен БҒМ айналысып келді. Осыдан-ақ биліктің бұл мәселеге салғырт қарағанын аңғаруға болады. Мәселен, Қазақстанда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерімен «Сейсмология институты» ЖШС және «Сейсмикалық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция» ЖШС (СОМЭ) айналысады. Осы «СОМЭ» тек Үкіметтің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №597 қаулысымен ғана Білім және ғылым министрлігінен алынып, ТЖМ қарамағына берілді.

Мамандардың дерегінше, Қазақстандағы сейсмологиялық бақылаулар мен жер сілкіністерін болжаудың қазіргі жүйесі заманауи талаптарға толық сәйкес келмейді. Өйткені бақылау пункттерінің саны әбден қысқарды, аппаратуралық жарақтандыру жөнінен артта қалды. Желіні соңғы жаңғырту 20 жылдай бұрын – 2000-2003 жылдары жүргізілді.

Соның кесірінен, ТМЖ-нің мәлімдеуінше, қазіргі жүйе елдің бүкіл сейсмикалық белсенді аумағын сейсмологиялық станциялармен толық қамтымайды. Мұны бомбаға қарсы дабыл жүйесімен салыстыруға болады: егер жүйе жақсы жұмыс істемесе, уақытында құлағдар етпей, бейбіт тұрғындар қарша бораған бомба мен оқтың астында қалады.

Республикада сейсмикалық бақылау жалғыз СОМЭ ЖШС-нің 63 сейсмологиялық станциясы арқылы ғана жүргізеді, оның 6-уы таяуда істен шығыпты. Станциялар Алматы қаласы мен 6 облыстың аумағында ғана бар. Нақтыласақ, Алматы мегаполисінде – 16 станция, Алматы облысында – 35, ШҚО-да бар-жоғы 2, Жамбыл облысында – 4, Қарағанды облысында – 1, Қостанай облысында – жалғыз, Түркістан облысында – небәрі 4 станция ғана тұр. Яғни, біртіндеп істен шығуда.

Қорыта айтқанда, сейсмикалық қауіпті аймақта бүгінде 2 мегаполис (Алматы, Шымкент) және 10 облыс (Ақтөбе, Алматы, Атырау, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан) бар. Алайда олардың саны одан да көп болып шығуы ықтимал.

Себебі ТЖМ хабарлауынша, пайдалы қазбаларды белсенді өндіру жүргізілетін елдің батыс және орталық өңірлерінің техногендік сейсмикалық ахуалы зерттелмеген. Бұл «техногендік генездегі жер сілкіністерінің туындау қаупін арттырады».

Мысалы, бірқатар отандық және шетелдік ғалымдар Каспий теңізінің суының төмендей бастауына оның 5 мың шақырым тұңғиықтағы терең қыртыс-қабаттарынан мұнайдың көп алынуы себеп дегенді айтып жүр. Яғни, теңіз суы қуыстарға кетіп жатуы ғажап емес.

Қорыта айтқанда, мамандардың есептеулеріне сәйкес, республиканың барлық аумағында қосымша 187 сейсмостанция (оның ішінде 68 стационарлық және 119 жылжымалы) қою қажет болады.

Үкімет бұл саладан қаржы аяп отыр. Жыл сайынғы қаржыландыру 463 млн теңгеден аспайды: 2017 жылы – 418 млн, 2018 жылы – 400 млн, 2019 жылы – 409 млн, 2020 жылы – 414 млн, 2021 жылы – 461 млн, ал 2022 жылы – 463 млн теңге. Бұл қаражат СОМЭ-нің, азын-аулақ станциялардың персоналының жалақысына, коммуналдық және көлік шығындарына әзер жетеді екен. Кең ауқымды зерттеулерге қаржы жоқ.

Салыстыру үшін келтірсек, жер сілкінісі ошағының дәл эпицентрінде орналасқан Алматы қаласы Роза Рымбаеваның 65 жылдығына, Жәмила Серкебаеваның және Марат Бисенғалиев оркестрінің концертіне 220 миллион теңге бөлмек. Қамсыз-мұңсыз ән шырқап, би билеп жүргенде, жер жаппай қозғалып, Жаңа Қазақстан жайрап қалмаса жақсы болар еді.

Жанат Ардақ