Қайрат Сатыбалды Қазақтелеком акцияларын мемлекетке қайтарды

Қазақстан қаржы нарығындағы «Қазақтелеком» АҚ акционерлерінің тізімі жаңарды. SKYLINE INVESTMENT COMPANY S.A. жеке компаниясы 1 шілдеден бастап «Қазақтелеком» АҚ акционерлерінің тізімінде жоқ, деп хабарлайды qamshy.kz.

Фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Оның орнына қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті акционер атанған. Енді елдің басты телекоммуникациялық компаниясының акцияларын бөлу төмендегідей тәртіппен жүзеге аспақ:

  • «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ – 45,90%;
  • «ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ – 25,42%;
  • The BANK OF NEW YORK Mellon DRS (номиналды ұстаушы) – 8,62%.

Осылайша, «Қазақтелеком» АҚ-тың 70 пайызы мемлекет меншігіне өтті.

Айта кетейік, сәуірде «Қазақтелекомның» 28,8%-ы мемлекет қайтарылатыны белгілі болған еді. Бұл кезде Қазақстан үкіметі сәйкес қаулы қабылдаған. Құжатта Қайрат Сатыбалдының Skyline Investment Company S.A жеке компаниясы «Қазақтелеком» АҚ шартты капиталының 24,95%-на тең 2 671 481 қарапайым акциясын сыйға тарту шарты бойынша республика меншігіне беру туралы ұсынысы қабылдансын делінген.