Халық артисі Роза Рымбаеваның сахнада ән салып жүргеніне биыл 50 жыл толды. Осыған орай әнші мерейтойлық концерт өткізбек, деп хабарлайды Экспресс К.
Әнші шығармашылық концертіне қаржылай қолдау көрсетуін өтініп, Алматы әкімдігіне барған. Халық артисінің айтуынша, әкімдіктегілер оған қыруар ақша бөлмес бұрын, сынап, мінеген көрінеді.
«Әкімдікке өзімнің ұсынысымды айтып бардым. Солар өздері шешкендей болды. Олардың тарапынан «қант жетпей жатқанда кезде, қайдағы концерт?» дегендей біраз әңгімелер айтылды. Енді ол әкімдіктің мәдениетке бөлінетін бөлек қаржысы болады емес пе? Қантқа мүлдем қатысы жоқ. Мен сахнада елу жылдай еңбек етіп келемін. Әр әншінің өз жолы бар. Ол концерттерден мен ешқандай пайда көрген емеспін. Ешқашан да бір байып кетіп, кейінгі кезде көрінбей қалдым деген мақсат жоқ. Мен өз орнымды баяғыда алған әншімін» — дейді Роза Рымбаева «Менің өмірім» атты бағдарламаға берген сұхбатында.
Рымбаева жеті жылдан бері шығармашылық концерт ұйымдастырмағанын айтты. Сондықтан ол өзі халыққа есеп бергісі келген.
«Жеті жылдан бері халыққа есеп берген жоқпын. «Есеп берейінші» деген ойым болды. Ол концерт бола ма, болмай ма белгісіз. Мен концерт бергенде, үлкен оркестр, фольклорлық ансамбль және балет болады. Үлкен экран контент, декорация, костюмдер тігіледі. Оның бәрі үлкен қаржы», — дейді Халық артисі.