«Қарғысқа көштіңіздер ме?» Желідегілер «жерлеп тастаған» жұлдыздар

Әлеуметтік желіде танымал өнер адамдарына қатысты жиі қауесет тарайды. Тіпті тірі адамды "өлтіріп тастайтындар" да бар. Massaget.kz тілшісі осындай жалған ақпаратқа желеу болған белгілі адамдар кім екеніне және олар бұл қауесетті қалай қабылдағанына шолу жасады.

Сурет: Massaget.kz

«Оттаған журналистердің жазғаны»: Асанәлі Әшімовке қатысты

Күні кеше WhatsApp желісінде белгілі актер Асанәлі Әшімов қайтыс болды деген ақпарат тарады.

«Еліне өшпес із қалдырған нар тұлға, бізге Бекежан ролін ойнап есімізде қалған балалық шағымыздың куәсі, ағамыз өмірден озыпты», — делінген WhatsApp-тағы хабарламада.


Ал актердің жары Бағдат Әшімова оның жағдайы жақсы екенін айтып, Желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

«Оттаған журналистердің жазғаны. Хал-жағдайы жақсы, өте керемет. Ақтауда демалып жатыр», — деді Бағдат Әшімова.

 

«Дауа жоқ»: Мөлдір Әуелбековаға қатысты

Жақында әнші Мөлдір Әуелбековаға да қатысты осында жалған ақпарат тарады. Даудың басы YouTube-те 2 күн бұрын жарияланған видеодан басталған. Ол 200 мыңнан аса қаралым жинаған.

«Алматы - Көкпек - Көктал тасжолында Mercedes-Benz жол жиегіне шығып кетіп, ағашқа соғылды. Жол апатынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. ...Түтін сөне бастағанда, адамдар жүргізушіге көмектесіп, оны көліктен шығаруға тырысты. Жедел жәрдем дереу жетті. Дәрігерлер келгенде, әлі тамыр соғысы сезіліп тұрды. Бірнеше минуттан кейін ер адам қайтыс болды», —дейді видеодағы қыз.

Ал әрі қарай ол белгілі әнші Мөлдір Әуелбекованың ұлымен бірге өткізген демалысы туралы айтқан. Видеода "Мөлдір Әуелбекова қайтыс болды" деген ақпарат айтылмаған. Алайда тақырыбында Мөлдір Әуелбекова жол апатынан қайтыс болғандай жазылған.

«Шұғыл Мөлдір Әуелбекова/жол апаты қайтыс болды», — делінген видеоның тақырыпшасында.

Әнші Instagram-парақшасында бәрі жақсы екенін жазған.

«Бүгін күні бойы мені уайымдап хабарласып жатқандарыңызға рақмет. Аллаға шүкір тірімін! Осындай жалған ақпарат таратқан адамға дауа жоқ», — деді әнші.
«Бір Аллаға тапсырдым!» Ерке Есмаханға қатысты

Ерке Есмахан да осындай қауесеттен шет қалмаған. Ол Instagram-парақшасында бұл жаңалық жақындарын алаңдатып қойғанын жазған.

«Бүгін менің анамды, бауырларымды, жақындарымды, достарымды, тыңдармандарымды қорқытып, осындай жалған жаңалық таратқан адамдарды бір Аллаға тапсырдым! Маған кейінгі кездері айтылып жатқан сөз көп, менің көңілімді түсіру үшін, жеке өміріме араласу үшін ойына келгендерін істеп жатқандар да көп! Енді бәрін қойып осындай қарғысқа көштіңіздер ме? Айтарға сөзім жоқ! Жанкүйер болу мен адам болуды шатастырыпсыздар! Мен бәрібір ешкімге жамандық тілеп, өзімнің таза, пәк жүрегімді ластамаймын! Бәріңізге тек жақсылық тіледім! Аман болыңыздар», — деп жазған ол бір жыл бұрын.
«Өліп қалды деп жатыр екен». Саят Медеуовке қатысты жағдай

Биыл наурызда Саят Медеуов жол апатына ұшыраған еді. Ол өзін «өліп қалды» деп хабар таратқандарға пікір білдірген болатын.

«Өліп қалды» деп сайттарға салып жатыр екен, Құдай сақтасын, аман болайық. Болды, енді, «естіген құлақта жазық жоқ» деген қазақтың сөзі бар, ешкімге өкпелеуге хақым жоқ. Ешкім жаман ниетпен жазбаған шығар, әйтеуір, өліп бара жатсам да пайдам тиіп кетсе болды, аман болайық!», — деді әнші.
Тоқтар Серіковке қатысты

YouTube желісінде Тоқтар Серіков қайтыс болғаны туралы да ақпарат тараған. Бұған да Желідегі тақырыпша әсер еткен. Видео 53 мыңнан астам қаралым жинаған.

«Қайтыс болды. Үйде тірі үшін өртенді! Белгілі әнші Тоқтар Серіков шұғыл жаңалық», — делінген видеода.

Танымал адамдар халықтың үнемі назарында екені түсінікті. Алайда мұндай жалған ақпараттың кері салдары болатынын естен шығармаған жөн.