Белгілі ақын Арман Қани өмірден озды

Бейсенбіден жұмаға қараған түні ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қани дүниеден өтті деп хабарлады turkystan.kz.

Қани Арман – 1954 жылы 22 ақпанда Павлодар қаласында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Атасы Қани – Арқаның әйгілі күрескер ақыны Мәдимен ағайын, әжесі Кәсіп – «Үш Жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның» қызы. Арман бала кезінен бастап өз жұрты мен нағашы жұртындағы сол екі ақынның өмірі мен өнерниетін өнеге тұтып өскен.

1969 жылы өзі оқитын №3 мектеп-интернатта ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйымын құрып, жұртшылықты отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған үнпарақтар таратып, өлеңдер жазған. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК-КГБ) облыстық басқармасы ұйымды әшкерелеген соң бірнеше серігімен бірге жазалау шараларына ұшыраған: «Ұлттық саясат мәселелеріндегі өрескел қателіктері үшін» деген айыппен комсомол қатарынан, мектептен шығарылған. Сөйтіп, кәмелет жасына жетпей «саяси сенімсіз» адамдар санатына жатқызылып, білім алу құқы мен баспасөз бостандығына шектеу қойылған. Соның салдарынан ұзақ жылдар бойы қара жұмыс істеген.

Арман Қани орта мектепті де (1976 ж.), жоғары оқу орнын да (ПМУ-дың филология факультеті, 1995 ж.) өз құрбы-құрдастарынан көп кейін, сырттай оқып тәмамдаған. 1990 жылдардың бас кезінен бері бұқаралық ақпарат құралдарында журналистік қызмет атқарып келген.

«Ар алдында» (Павлодар, «ЭКО» – 2001 ж.), «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар» (Павлодар, «ЭКО» – 2004 ж.) «Шындықпен бетпе-бет» (Алматы, «Қазақпарат» – 2006 ж.), «Жұлдызды тұман» (Павлодар, «Кереку» – 2008), «Сен және мен» (Астана, «Фолиант» – 2012), «Үйлесім» (Павлодар, «Brand print» – 2014) жыр жинақтары жарық көрген.