«Біздің халыққа тән емес»: Хиджабқа қатысты не білмей жүрміз?

Қоғамда әлі күнге дейін кимешек пен хиджабқа қатысты түрлі пікір қалыптасқан. Кейбіреулер хиджаб өзге ұлттың киім үлгісі деген пікірді ұстанса, енді бір бөлігі мұсылмандарға арналған киім екенін айтады. Халық арасында «кимешектің орнын хиджаб басты» деген түсінік те бары жасырын емес. Massaget.kz тілшісі осы даулы мәселенің аражігін ашу мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы Бибизия Кендебекқызы Қалшабаевамен тілдесті.

Фото: pixabay

Бибизия Кендебекқызының пікірінше, кез келген халықтың қалыптасу жолында тұрмыс тіршілігі оның материалдық мәдениетіне, соның ішінде киім үлгісіне әсер етеді.

«Хиджаб — кейінгі кезеңде көбейіп кеткен әртүрлі діни ағыммен байланысты арабтардан келген киім үлгісі. «Хиджаб» деген сөздің аудармасы «жамылғы» деген мағынаны білдіреді. Халқымызда «хиджаб» деген атаумен киім үлгісі болмаған. Хиджаб — жамылғы, яғни жасыратын зат. Хиджабты кімдер кигені белгілі. Ол бетті, екі қолды білезікке дейін және екі табанынан өзге бүкіл денені жауып тұрады. Ол кеңдеу тігіледі, қыздардың дене пішінін көрсетпейді. Бұл — кейін келген киім, біздің халыққа тән киім үлгісі емес. Себебі қазақ халқы қалыптасу жолында алғашында мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы болса, сол мал шаруашылығының ыңғайына қарай материалдық мәдениетіміз де қалыптасты. Оған киіз үй, киім үлгілері жатады», — дейді ол.

Тарихшы қазіргі жастардан дәл осы киім үлгісін жиі байқайтынын айтып, пікір білдірді.

«Хиджаб діни ұстанымға еркіндік берілген кезден бастап түрлі діни ағым келуіне байланысты мұсылмандық, оның ішінде де кейбір бағыттардың киім үлгілеріне еніп кетті. Біздің жастардың, мектеп жасындағы, мектеп жасына толмаған қыздардың хиджаб киіп жүргенін көргенде, шынын айтқанда, ішім удай ашиды. Бұл — қолдан жасалған, теріс пиғылды діни ағым өкілдері тапқан, сырттан әкелген киім үлгіcі. Сондықтан мектеп жасына дейінгі, мектептегі жастардың хиджаб киюіне қарсымын. Бала «бала» сияқты болуы керек», — дейді ол.

Тарих ғылымдарының докторы қазақ әйелдері қандай баскиім кигенін санамалап берді. Сондай-ақ, қоғамда «қазақта бұрыннан осындай киім болған» дегендерге қатысты пікір білдірді. Бибизия Қалшабаеваның сөзінше, қазақ қыз балаға ерекше қараған.

«Қазақта қыз баланы еркін ұстаған. Қыз «жат жұрттық», «қонақ» деп еркін ұстап, тұмшаламаған. Кішкентай қыздар тақия киген. Жас қыздар бөрік киген. Ал тұрмысқа шыққанда сәукеле киген, оны бір-екі бала дүниеге әкелгенге дейін киген. Әрине, сәукелені күнделікті үйде киіп жүре алмайды. Сондықтан жаулық тартып, орамал таққан», — дейді маман.

Оның айтуынша, кимешекті әркімге тіккізбеген. Сыйлы адамға арнайы дайындатқан, оның үстіне жақын адамдарды жинап, бір-екі балалы болған келінге ерекше құрметпен кигізген екен.

«Кимешекті екі бала дүниеге әкелгеннен кейін, сол отбасының отанасы болуға дайын деген кезде киген. Оның да үлгілері аймақтық ерекшеліктерге байланысты өзгеріп отырған. Батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстіктің кимешектерінің ерекшеліктері бар. Кимешек ақ матадан тігілген, жиектері астарланған, шет-шеті кестеленген, маңдайын жауып тұрған, екі жағында шықшыты болған, яғни ол да жасына қарай көркемделіп отырады. Жасы ұлғайған әйелдердің кимешегінің ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылып тігілсе, жас әйелдердің кимешегі қызыл-жасылмен әшекейленеді. Кимешектің кеуде, иықты жабатын жақтары тұйық етіп жасалған. Белден тұсып, шашты жауып тұратын тұсы құйрықша деп аталады», — дейді ол.

В статье: