Алматыда бір айдан бері мүгедектігі бар қызымен бірге көлікте түнеп жүрген әке халықтан көмек сұрайды. Далада қалған Еркебұлан Секбаевтың бар сұрары — баспана. Үй-күйсіз жағдайға шыдамаған жұбайы ауруханаға түскен соң, науқас қызына қараған азамат жұмысынан да айырылған, деп хабарлайды «31 канал».
Жасынан жетім қалған 53 жастағы Еркебұлан Секбаевтың үлкен қалада жақын туыстары жоқ. Ал үй-күйсіз жүргенге күйзеліп, науқастанып қалған әйелі ауруханаға түскен. Эпилепсиямен ауыратын қызына қарап отырған әке далада қалғанымызға 1 айдың жүзі болды дейді. Бұған дейін тұрған үйдің иесі ауласына жөндеу жұмыстарын жүргізбекші болып «басқа баспана іздеңіз» депті. Көлікте қонып, таң ата баспана іздеуге кірісетін азамат 30 күннен бері үй жалдай алмай, әуреге түскенін айтады. Себебі мүгедек бойжеткеннің ауруын естігенде үй қожайындарының көбі ат-тонын ала қашады екен.
«Времянкаға ғана шамамыз келеді, қызым екі-үш рет талып еді, көбісі сол себепті үйін бермей отыр. Үйде кішкентай балалар бар, басқа квартиранттардың балалары бар қорқады дейді», — деді қыздың әкесі.
18 жастағы Айғанымды талмасынан айықтыра алмай жатса, әкесі алып-ұшып, жедел жәрдем шақырады. Айына 5-6 мәрте ауруы ұстайтынын айтқан азамат қажетті дәрінің бәрі бар дейді. Өзі де 2-топ мүгедегі болғандықтан қызы екеуіне 150 мың теңгедей жәрдемақы алады екен. Отағасы жағдай қиындағалы жұмыстан да шығып қалған, қазір жолаушы тасып, күн көріп жүр.
«Мамасына барам аурухана, ол кісіге арасында таксовать етіп, асханадан тамақ сатып алып, апарып беремін. Сонымен таң атады, күн батады. Екі жақтап қараушы ек, енді жалғыз қалдым мына қызбен!» — дейді Еркебұлан Секбаев.
Ал Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің мамандары жарымжан баласы бар отбасына қолдан келгенше көмек береміз деп отыр.
«Азамат біздің әкімдікке келмеген, өтініші бермеген. Қазіргі уақытта аталған отбасыға уақытша тұруға пәтер іздеу жұмысы жалғасып жатыр», — деп айтты Алатау ауданы әкімдігі әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Ләйлә Оразбаева.
Әкімдіктегілер Айғанымды оңалту орталықтарына жатқызуға диагнозы сәйкес келмейді дейді. Ал амалы таусылған әкенің қазіргі арманы — баспана. Еркебұлан Секбаевқа көмектесемін дейтін ел азаматтары экранда көрсетілген нөмір бойынша хабарласуына болады.