Бейбіт еліміздің тыныштығын күзету жолында өзге ұлт өкілдері де аянбай қызмет етіп келеді. Соның бірі – Мәди Крокус. Оның ұлты орыс болса да, жаны мен тілі қазақ. Жақында ол өзінің есімін ауыстырды, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Халық қорғаны Түркістан облысы Арыс аудандық полиция бөлімінде қызмет етеді. Жуырда ғана 24 жасқа толған полицей бала кезінен қазақ тілін жетік меңгерген. Онысын мақтаныш деп емес, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы деп біледі. «Қазақ тілі – ұлттың болашағы» дегенді құп көретін Мәди өз ортасында, үйде, жұмыста қазақ тілінде сөйлейді екен.
Бұрынғы Михаил, бүгінгі Мәди өзінің жаңа есімімен ертеректе таныс болған көрінеді. Кішкентайынан өз ортасы Михаилды қазақшалап Мәди деп атап кеткен. Осы есімге әбден үйренген ол болашақта балаларының тегі қазақ есімінен болғанын қалап, атын заңды түрде ауыстырған.
«Балалық шағым сұлу табиғатымен ерекшеленетін Леңгір қаласында өтті. Сол қалада ер жеттім, бой түзедім. Туған жердегі мектепте 1-сыныптан 9-сыныпқа дейін білім алып, 10 және 11-сыныпты темір жолдың торабы Арыс қаласында тәмамдадым. 2017 жылы ҚР ІІМ Алматы академиясына оқуға түсіп, құқық қорғау саласында қызмет етсем деген арманыма бір табан жақындадым. Сол сәтте мамандығымның маңызын, оны таңдауда қателеспегенімді ұқтым. Сол сезім, сол мақтаныш мені өз саламда қадамдарымды нық басуға жетелеп келеді. Қазіргі таңда Арыс аудандық полиция бөлімінде қызмет етемін», – деді Крокус.
Мәдидің жұмысы таңғы 8:30-да басталады. Күнделікті жиналыстан шыққан соң жоспар бойынша қызметке кіріседі. Мінездеме, анықтама жазады, бекітілген әкімшілік аумақ бойынша арыз-шағымдарды қарап, сол бойынша жұмыс жасайды. Сонымен қатар түскі үзіліске дейін азаматтарды қабылдайды. Одан соң келіп түскен қоңыраулар бойынша шақыртуларға барады. Жалпы, жұмыс кешкі 23:00-ге дейін жалғасады.
«Жалпы, халық құқық бұзушылық жасамаса, тәртіпке бағынса екен деймін. Себебі менің бұл қызметтегі миссиям – халыққа көмек көрсету. Бірақ тура жолдан таятындар да кездеседі. Мысалы, пәтер ұрлығын алайық. Мұндай қылмысқа көбінесе жағдайы төмен жандар, мас күнемдікке салынып кеткен азаматтар барады. Қылмыстың, құқық бұзушылықтың мән-жайын дер кезінде анықтаймыз. Себебі қала аумағы үлкен емес. Барлық жерде камера бар. Мәселенің ақ-қарасына көз жеткізген соң ұрланған затты заңды иесіне қайтарамыз. Құқық бұзушыны бақылауға аламыз, тексереміз, заң шеңберінде шара қолданамыз», — дейді полиция қызметкері.
«Жұртқа жақын полиция» қағидатын ұстанған жас полицейдің қызметте алған марапаттары да аз емес. Соның бірі биыл Ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту ісіне елеуі үлес қосқаны үшін Қазақстан халқы тілдері мерекесі аясында Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігінің мұрындық болуымен жыл сайын өтетін «Парасатты полицей» республикалық байқауында «Тілі басқа – тілегі бір» номинациясын жеңіп алды. Аталмыш байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілді жұмыста әрі тұрмыста кеңінен қолдану, ІІО қызметкерлерін патриоттық рухта тәрбиелеу.
Әділеттің ақ туын құлатпаған, антына адал, өз мақсаттарына берік, қиындыққа қайысып, еңсесі түспейтін арыстық полицейдің айтуынша, қызметтегі мұндай байқаулар, марапаттар бір орында қалып қалмауға, алға ұмтылуға септігін тигізеді. Ал халықтың өз аузынан естіген алғыс сөздерін ол ең жоғары марапатқа теңейді.
«Мамандығым – мақтанышым. Бұл қызметті адал атқаруға ант бергенмін. Сол ант жолында аянбай еңбек етемін. Мен ел тыныштығының қорғаны болсам, менің қорғаным – халықтың алғысы», – деп жас полицей өз сөзін аяқтады.