Ләйлә Сұлтанқызының күйеуі неден қайтыс болғаны белгілі болды

Әлеуметтік желіде танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызының жолдасы Қайрат Беркінбаевтың өмірден өткендігі туралы суық хабар тарады. Марқұмның жүрегі тоқтап, өмірден озған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ең алғаш болып продюсер Жан Мұқанов өзінің Instagram парақшасында хабарлады.

«Бүгін біз жақын досымыз Беркенбаев Қайрат Шерәліұлынан айырылдық. Жүрегі тоқтап қалды. Ең жақын досым әрі әріптесім – Ләйлә Сұлтанқызына көңіл айтамын. Бекем бол, досым. Жақсы адам, күйеу, әке және дос болып еді. Жаны жәннатта болсын», – деп жазды ол.

Бұл қайғылы хабарға ортақтасып, әлеуметтік желі арқылы журналистке көңіл айтқандардың қатарында танымал блогер Дәулет Мұқай да бар.

«Ажал айтып келмейді. Бүгін таңғы уақытта Қайрат Беркінбаев дүниеден озды. Қайрат ағаны бірнеше рет көргенмін. Өте биязы, сабырлы адам еді. Белді кәсіпкер, өз ісінің маманы еді. Әрі талай қайырымды іс жасап, қайырымдылықтың жаршысы болып жүретін. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын. Жаныңыз жәннатта болсын. Ләйлә Сұлтанқызы, бекем болыңыз. Ағамыз жетпеген жасқа балаларыңыз жетсін. Отбасымызбен қайғыра көңіл айтамыз», – деп көңіл білдірді блогер.

Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының күйеуі Қайрат Беркінбаев қайтыс болғаны туралы хабар 6 қарашада тараған еді.

Қайрат Беркінбаевтің бірінші әйелі Меруерт Беркінбаева жарының қазасына байланысты қайғырып жазба жариялады.