«Біз орыс емеспіз, нағыз қазақпыз»: Қазақ тілін меңгерген алматылық оқытушы

Қазақ тілін жетік меңгерген Анастасия Скрипникова бүгінде елдегі беделді жоғарғы оқу орнында білім береді. Өзге ұлт өкілі болса да, мемлекеттік тілді 5 жасында еш қиындықсыз үйреніпті. Әрі бірнеше әдеби шығарма жазып, «Алтын қалам» сынды бірнеше сыйлықтың лауреаты атанған. Stan.kz тілшісіне сұхбат берген тәлімгер елдегі қонақжайлылық пен толеранттылық туралы айтып, қазақ тілін білудің қандай мүмкіндіктерге жол ашатынын түсіндірді.

Анастасия Скрипникова Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде аға оқытушы болып жұмыс істейді. Тәлімгер өзге ұлт өкілі болғанымен, өзін «нағыз қазақ» деп санайтынын айтады. Сондықтан да болар, өзге елге көшу туралы ой мүлде туындамады, дейді ол.

«Мен Қазақстанда туып, өстім. Бұл – менің үйім, менің Отаным! Туғанымнан бастап бүгінгі күнге дейін өзге елге көшу туралы ойланып та көрмеппін. Иә, мен орыс ұлтының өкілімін. Бірақ Ресейге барғанда олай емес екенін түсінемін. Бізде, «қазақстандық орыстарда», тәрбиеміз, діліміз мен өмірге деген көзқарасымыз, құндылықтарымыз да мүлде бөлек. Біз орыс емеспіз! Тіпті «ойбай», «бәсе», «нан ұрсын», «айналайын», «жаным», «өзінше» сынды сөздерді қоса отырып өзгеше орыс тілінде сөйлейміз», — дейді тәлімгер.

Анастасия Скрипникованың сөзінше, қазақ тіліне деген қызығушылығын атасы оятқан. Алғашқы қазақ тіліндегі сөздерді де атасынан үйренген екен.

«Менің атам қазақ тілінде таза сөйлейтін. Тілді әскерде болған кезінде үйренген. Оның дүниеден өткеніне де талай жылдың жүзі болды, бірақ сөз саптауы керемет еді, әлі есімде. Қазақ тіліне ғана тән дыбыстарды айтуда ешқашан қиналмайтын. Бұл – көптеген орыс үшін үлкен мәселе. Атам әжеммен бірге совхозда тұрған. Арбамен жиі бидай таситын. Диірменнен қаптарды арбаға тиеп жатып жергілікті балаларға «Бір, екі, үш» деп саусақтарын бүгіп, санауды үйрететін. Осылайша балалар орыс тілінен бұрын қазақ тілінде санауды меңгерді. 5 жасымнан бастап мен де қазақ тілінде сөйлей бастадым. Әрине, бастапқыда қиынға соқты. Сол кезден бастап маған «Сары қыз» деген ат берілді», – деп еске алды оқытушы.

Оның сөзінше, қазақ тілін меңгеру бірнеше әдебиет және кино кейіпкерінің туындауына әсер еткен.

«Кез келген тілді білу сенің шекараңды, таным шекарасын кеңейтеді. Тұлға ретінде толықтырып, байытады. Әсіресе, шығармашылық тұрғысында. Қазақ тілін білу арқылы мен бірнеше әдеби және кино кейіпкерін дүниеге әкелдім. Осы тұста қоса кетейін, Қазақстан - тек қазақ тілі ғана емес. Бұл – кең байтақ дала, биік таулар мен тап-таза бұлақ. Оларды кез келген тілде жақсы көруге болады», – дейді Анастасия Скрипникова.

Тәлімгер Қазақстандағы қонақжайлылық туралы да айтып өтті. Оның пайымдауынша, мұндай қасиет әр азаматқа ана сүтімен беріліп, қанына сінген.

«Қонақжайлылықты қонақ күтудегі ортақ дәстүрлер деп атар едім. Цифрландыру дәуірінде біздің тығыз қарым-қатынасты сақтай алғанымызға қуанамын. Үйге қонақтарды шақырамыз, достарымызбен кино көруге барамыз. Ал мейрамдарды отбасымызбен тойлаймыз. Көптеген елде бұл жоқ. Адамдар виртуалды достар тауып, туыстарымен онлайн кездесу өткізеді. Ал біздегі 300 адам жиналатын той шетелдіктер үшін жат дүние. Бұрындары ауылдарда қонақтарды асыға күткен. Себебі өзге ауылдағы немесе аймақтағы өзгерістер туралы ақпаратты қонақтардан білетін. Кейде бізде ғаламтор сапасына қатысты мәселе туындаса ғой деймін. Сол кезде біз де жаңалықтарды білу үшін қонақтарды асыға күтетін едік. Әрине, бұл - қалжың. Менің ойымша, қазір қолда бар алтынның қадірін біліп, оны сақтап қалуға тырысу керек. Әрі мұны өзгелерге де жеткізген абзал», – деп түсіндірді Анастасия Скрипникова.

Елдегі толеранттылық туралы айтқан тәлімгер Қазақстанда барлық ұлт өкілдеріне бірдей қарайтынын қосып өтті.

«Толеранттылық деңгейін ешқандай өлшеммен өлшей алмаймыз. Бірақ жағдайды былай сипаттар едім. Егер қазақ жігіті афро-америкалық қызға үйленгісі келсе, бұл – қалыпты жағдай. Егер әйелі келін ретінде күйеуінің туыстарына сәлем салмаса, оны не күтіп тұрғанын бәріміз білеміз... Әрине, мұның барлығы қалжың. Таяқтың екі ұшы болады. Ашықтық туралы қанша айтқанымызбен, біз Еуропадағыдай ашықтық пен қарапайымдылыққа әлі жеткен жоқпыз. Бізде мәселені сыртқа шығармайды және бұл қоғамға теріс әсерін тигізеді. Бұл – менің жеке бақылауым. Егер күйеуі әйеліне қол көтерсе, ол құқық қорғау ұйымдарына жүгінудің орнына, соңына дейін шыдайды. Біреу есірткі тұтынып, ішімдік ішсе, жақындары тәуелділіктен емдемей, ол адамды керісінше қоғамнан жасырады. Тіпті «ұят болады» деп автобуспен жүрудің орнына несие алып, қымбат көлікті тізгіндейді», – деп түсіндірді ол.

Анастасия Скрипникованың пікірінше, мемлекеттегі ашықтық мәселесін жан-жақсы қарастыруға болады және бұл әр елде әртүрлі болуы мүмкін.

В статье: