Қаз дегенге «ҚазФосфат» қазақтікі емес. Қазбаң біздікі, қожасы жат жұрттық. Бұндай пікірді оқиға орнына барған журналист Нұрадин Рақай білдірді.
Жамбыл облысында «Қазфосфат» зауытының жұмысшылары наразылыққа шықты. Ашынған топты басуға барлық күштік құрылымдар жұмылдырылды. Елдің ереуілдетуіне жұмыс орнындағы әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі себеп болған. Оның үстіне жұрт талабын жүре тыңдаған басшы дөрекі сөйлеп жағдайды ушықтырып жіберген, деп хабарлайды 31 телеарнасы.
«Қаз дегенге «ҚазФосфат» қазақтікі емес. Қазбаң біздікі, қожасы жат жұрттық. Өтірік айтам, бізге тиеселі жері бар. Ол одан шыққан шаң тозаң, тау-тау болып үйілген қалдық, қаланы екі күннің бірінде басып қалатын күкірт. Ал эшалон-эшалон фосфорың, бізге бұйыртпайтын тыңайтқыш шет елдікі…Айтсаң арандатушы боласың. Арандамай ақ қояықшы. Бірақ рас қой сондағы қарапайым қызметкерлер екінші сорт боп саналады. Ал бастығы жеке чартермен қалаған уақытта Мәскеу барып ауқаттанады», — деп жазды Facebook парақшасына 31 телеарна тілшісі Нұрадин Рақай.
Еліміздегі ең ірі химия өндіріс орнындағы толқу таңғы 11-ден кете басталды. Басты себеп цифрлық трансформация басқарма басшысының жұмысшыларға дөрекі сөйлеуі. Бұл онсызда әлеуметтік мәселелері шешілмеген көптің шамына тиген шырпы болды. Жағдай ушықпас үшін барлық күштік құрылымдар өндіріс орнын қоршауға алды. Ашулы топқа алаңсыз келген басшылық соққының астында қалды. Арнайы жасақ әзер ажыратып алды. Артынша артық кеткенін айтып көптен кешірім сұрады.
Балағаттаймын деп басы дауда қалған басқарма басшысы сол жерден жұмыстан шығарылған. Қазір зауыт қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда.