Халықтың қазынасы – тойдың бүгінгі келбеті соңғы кездері ел талқысына жиі түсіп жүр. Қалыңдықтың бетін хит әндермен ашу, келіннің емес күйеу баланың сәлем салуы, қыздарын ақ кілемге орап ұзату, тізе берсек таусылмайды. Ал той қонақтарының ерсі билері тіпті жаға ұстатады, деп жазады astana.tv.
Қазір келіндер ғана емес, күйеу балалар да иіліп сәлем салады. Бұл видеода ер адам сонау алыстан босағаға дейін өзін қолтықтап ұстаған жеңгелерімен бірге екі қадам сайын иіліп келе жатқанын көруге болады. Желі қолданушылары мұндай дәстүр қайдан шыққанын түсінбей аң-таң.
Ал бұл видео «Мазақ болған қазақтар» деген атаумен әлеуметтік желіге тарап кетті. Ойынға шыққан қыз бен жігіт экранда көрсетілген суреттерді қайталап әлек. Мұны көрген желі қолданушылары қазақтың тойында мән де, сән де қалмаған деп жарыса жазуда.
Мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров ерсі қылықтың төресін тойдан көретін болдық дейді. Айтуынша, жаға ұстатарлық ойындар мен билер тойдың мәнін кетірген. Ол қазақ дәстүрін хайпқа айналдырамын деп, мазақ қылғандардың көбейгенін айтып ашынды.
«Қыз-жігіттерді бейәдеп қылықтар жасатып, бірінің үстіне бірін шығарып, бірінің алдына бірін отырғызып, бірінің ауынан бірін өткізіп деген секілді неше түрлі көрер көзге оғаш қылықтар жасалып жатыр. Әрине, ол сол бір қарағанға қызық шығар. Бірақ ол жерде бала-шаға, үлкендер бар. Яғни, ол қазақтың менталитетіне жатпайтын дүниелер кетіп қалып жатыр», ― дейді мәдениеттанушы.
Ал тарихшы Жомарт Жеңіс қазақ жиынындағы ерсі ойын мен бұрмаланған дәстүрді жөнге салу үшін, алдымен той өткізу құрылымын толық өзгерту керек дейді. Себебі, біз өткізіп жүрген мерекелік отырыстар қазақ дәстүріне мүлде жат. Кеңестік кезеңде басшылық той-томалақты қалай өткізу керек екенін арнайы бекітіп берген. Халық сол әдеттен әлі күнге дейін арыла алмай келеді дейді.
«Бұл әдейі істелген нәрсе. Үлкен ақсақалдардың, абыздарымыздың сөзін жастар естімесін, ұрпақтар арасындағы байланыс үзілсін деген мақсатпен жасалған», ― дейді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Жомарт Жеңіс.
Осылайша, тойдағы қазақ ел-жұртқа мазақ болуда. Дәстүрдің озығы да тозығы да әлеуметтік желіде жиі жарияланып, қазақ салтының жаңа қырын ашуда. Салтымыз былай тұрсын, ерсі ойындар мен билер жайлы айтудың өзі ұят.