Афроамерикалыққа 5 бала туып берген қазақ қызы қазіргі өмірі туралы айтты

Осыдан 10 жыл бұрын афроамерикалық азаматқа тұрмысқа шыққан қарағандылық ару жеке өміріне қатысты жұртты қызықтырған сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Экспресс К.

Фото: instagram/zhansayadixon

Жансая Диксон есімді қазақ қызы — Қарағанды облысының тумасы, руы — арғын. Кезінде америкалық қара нәсілді жігітпен көңіл қосқан ол бүгінде 5 баланың анасы. Үш қыз бен екі ұлды өмірге әкелген. Қазір отбасымен Нью-Йорк шаһарында тұрады.

Әлеуметтік желіде жеке өмірі жайлы естеліктерін жазып жүрген отандасымыз қазір ұл-қыздарын бағып, үйде отырғанын айтады. Кезінде АҚШ-қа арман қуып барған ол болашақ күйеуімен сол жақта таныстыпты.

«Америкаға 2010 жылы студенттік бағдарламамен келдім. Күйеуіммен Алла қосты, маңдайыма жазылғаны деп ойлаймын. Ешқашан америкалыққа тұрмысқа шығамын деп ойламаппын. Әсіресе, қара балаға. Бірақ маған өте жақсы болды. Мені сыйлайды, көмектеседі, тәубә», — дейді қазақ қызы.

Афроамерикалық отбасының келіні атанған Жансая кезекті постында қазақ және америкалық енелердің менталитеті мен олардың айырмашылығы туралы да ашық жазыпты.

«Барлығы қазақ және америкалық енелердің айырмашылығын сұрайды. Енді Қазақстанда енем болмағандықтан ол туралы көп нәрсе айта алмаймын. Бірақ қыз кезімде көрген тәте, әжемнің қарым-қатынасына қарағанда мүлдем басқа деп ойлаймын. Қайта біздің Қарағанды облысында оңтүстікке қарағанда жеңілірек қой. Ал менің енем егер күйеуіммен келіспей қалған жағдайлар болып жатса, екеумізге: «Сендерді қосып, таныстырған мен емес. Өздерің шешіңдер, дұрыс-бұрысын білмеймін» дейді. Қысқаша айтқанда, араласпайды. Енді балаларға келгенде ол кісі медбике болып жұмыс істейтіндіктен қолы тимейді. Оларды өзіміз бағамыз. Жазғы каникул, әжеге бару деген де жоқ. Қазіргі кездегі ата әжелер өзінше бізден артық, ай сайын курортқа барады. Бізге және біздің проблемамызға уақыттары жоқ. Солай», — деді Жансая.

Қарағандылық қыз бүгінде бақытты екенін айтады. Осыдан бір ай бұрын Жансая мен шетелдік күйеу баланың шаңырақ көтергеніне тура 10 жыл толыпты.

«10 жыл да зымырап өтіп кетті. 23 қазан — мен үшін өте маңызды күн. Әлі ұмытқан жоқпын. Ай далада әке-шешесіз басқа ұлт, дәстүрге тұрмысқа шығып едім. Ішімде бұл қалай болады, не істеймін деген қорқыныш және бақытты ой да болды. Енді 10 жыл болды. Осындай жұбай берген Аллаға мың да бір рақметімді айтамын. Өте салмақты, сыпайы, 5 баламыз бар, тәубә! Түсінгенім, егер адамгершілік және түсінушілік, құрмет болса отбасыны сақтауға болады. Ұлтқа, түске емес, барлығы өзіңізге байланысты. Бірақ ұмытпаңыз, барлық үйде кесе сынады, керемет проблемасыз өмір болмайды. Шынайы тұрыңыздар, өмір кинодағындай болмайды», — деді қарағандылық қыз.