«Цветная вечеринка деген желеумен ЛГБТ-ны дәріптеп жүрміз» – этнолог

Кемпірқосақ тәрізді қызылды, жасылды түрлі-түсті «мереке» ― ЛГБТ-ның символы. Бұл туралы facebook парақшасына тарихшы, этнолог Тұрар Саттарқызы жазды, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.

«Осындай қазақы болмысымызға жат дүниені өскелең ұрпақтың бойына ақырын-ақырын сіңіру үшін, көздерін үйрету үшін, осындай «цветная вечеринканы» дәріптеп жатқан тәрізді көрінеді. Осылай аңқау қазағымды соғыссыз-ақ, санасын улау арқылы «жаулап алу» деуге болады. Сырттан келген мықты идеологиялық қару. Ұлттық иммунитетіміз әлсірген, рухани құлдыраған біз сияқты ұлттың тамырына балта шабатын дүние.
Бұған қоғам болып, мемлекет болып қарсы тұруымыз керек!» ― дейді этнограф.

Оның айтуынша, «цветная вечеринка мектептерде, балабақшаларда да өтеді. Тіпті ата, әже жасындағы қарияларымыз да жасап жүр» деп жазғандар көп болды.

«Білім, тәрбие беретін балабақша мен мектептердің тәрбиешілері мен мұғалімдер, ақыл айтатын ақсақалдар мен ақ жаулық тағатын жастағы әжелер өскелең ұрпаққа өнеге бола алмай, адастырып жатса, «өзің диуанасың, кімге пір болмақсың?» дегеннен басқа сөзім жоқ. Қалай десек те, салт-санамызға жат дүниенің өскелең ұрпақтың көзі үйреніп, бойына сіңуден аулақ болуымыз керек! Жазда қалалық әкімдіктің жанынан өтіп бара жатсам, алаңда музыка ойнап, анниматорлардың айғайлаған дауысы естіледі. Айналасы толған бала. Ата-аналары қарап отыр. Орысша сөйлеген екі анниматор ЛГБТ туының түсіндей шүберекті, сондай түсті кубиктерді алып, балаларды ойнатып жатыр. Ойнап отырған бала да, қарап отырған ата-аналар мәз-мейрам. Осылай түрлі-түсті жат дүниені ұрпақтың санасына сіңіріп жатыр-ау деген ой мәз болып отырған ата-ананың біреуінің де миына кіріп те шықпайды», ― деп жазды ол.

Этнограф ұрпақ тәрбиесінде ұсақ-түйек жоқ деп қарап, барынша сақ болу керек деп ой қозғады.

В статье: