Марқұм әнші Батырхан Шүкенов орындаған «Дождь» әнін айтқан оңтүстіккореялық өнерпаз желі қолданушыларын тәнті етті. Шетелдік әнші бұл туындыны кәріс тілінде шырқады, деп хабарлайды Экспресс К.
Әнші Song Won Sub (Сонг Вон Соб — автор) танымал әннің кавер нұсқасын орындап шыққан. Оның видеосын өзінің Instagram парақшасына жариялады.
Бұл видеоны қазіргі таңда 100 мыңнан астам желі қолданушысы көріп үлгерген. 10 мыңнан астам адам лүпіл басып, 550-ден астам қолданушы пікір қалдырған.
Басым көпшілігі әннің осы орындауда да сәтті шыққанын алға тартып, марқұм Батырхан Шүкеновтің көзі тірі болғанда, оған да туындының бұл нұсқасы ұнайтын еді деген пікірлерін қалдырған.
Айта кетейік, 35 жастағы кәріс әншісі Сонг Вон Собтың Instagram желісінде 90 мыңнан астам оқырманы бар.
Оның Youtube-арнасы да өнерсүйер қауым үшін танымал. Оған 600 мыңға жуық аккаунт жазылған.