Айтыскер Қайнар Алагөзов өзінің есірткіге тәуелді болғанын айтты

Белгілі айтыс ақыны, көптеген хит әндердің авторы Қайнар Алагөзов соңғы кезде сахнадан көрінбей кетті. Ол өнер ордасы Алматыны тастап, туған жері Ақтөбеге оралған. Осы орайда, ақын журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат беріп, өзінің теріс жолға түскен кездерін еске алды, деп жазады KYN.KZ.

«Қателеспейтін пенде жоқ. Жастықпен кімде не болмады? Бүгінгі таңда ішпеймін, шекпеймін, карта ойнамаймын. Қателікпен ащының да, тұщының да дәмін татып көрдік. Уақытымды, денсаулығымды, достарымды жоғалттым. Тапқанымды екі бастан сол жаққа жұмсаймын. Нақты қанша ақша кеткенін айта алмаймын. Соның бәрін өтіп көру керек болған шығар. Ешкімнен қалып қойған жоқпын деп есептеймін», — деді ол.

Қайнардың айтуынша, қазақ өнерінде жүрген бірталай азаматтар осы дүниеге тәуелді.

«Мына өнерде жүрген бауырларымыздың көпшілігі осы дүниеге тәуелді екенін көзіміз көріп жүр. Жастар неше түрлі химиялық ұнтақтарға тәуелді. Ондай адамға тіпті ренжуге де тұрмайды. Сондай дәрежеге дейін төмендеп, өзінің не істеп жүргенін білмейді. Көзінің алдындағыдан басқа нәрсені көрмейді. Солай жүргені өкінішті енді. Ең қуанатыным, бүгінгі таңда ондайдан аулақпын. Бағдарламаны көріп отырған жастарға «Қолдарыңнан келгенше таза жүріңдер. Адал өмір сүріңдер» деген ақыл айтамын. Өз еріктеріңмен мұны тоқтату қиын болса, арнайы сауықтыру орталықтары бар», — деді Алагөзов.

В статье: